Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс орталығында департамент бастығы Мадияр Жақсыбаевтың қатысуымен "Нұрсити"сауда үйіндегі өрт туралы баспасөз конференциясы өткізілді.
2021 жылдың 27 қазанында сағат 22.07-де "101" пультіне Шымкент қаласы Қаратау ауданының Нұрсат шағын ауданында орналасқан "Нұрсити" сауда үйінің жануы туралы хабарлама келіп түсті.
Осы хабарлама бойынша алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына 7 минуттан кейін, 22.14-те келді. Келген бойда сауда үйінің сыртқы қаптамасының жанғаны анықталды. Өрттің алдын ала аумағы 50 шаршы метрді құраған.
Учаскелерді сумен жабдықтау 50 метр қашықтықта орналасқан өрт гидранттарынан жүзеге асырылды.
Өрт 22 сағат 25 минутта ауыздықталып, 22 сағат 40 минутта толық сөндірілді. Өрттің аумағы 50 шаршы метрді құрады. Материалдық залалдың мөлшері мен себептері анықталуда.
Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖ департаментінің 26 қызметкері мен 6 өрт сөндіру техникасы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы, полиция департаментінің 3 қызметкері мен 5 техникасы, электр желісінің авариялық қызметінің 1 бригадасы тартылды.
Сондай-ақ, Департамент бастығы нысан 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріліп, 2021 жылдың наурыз айында есепке алынғанын атап өтті. Мораторийге байланысты тексеру жүргізілген жоқ, себебі кәсіпкерлік субъектісі шағын кәсіпкерлікке жатады.
Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы