Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жұмыс сапарымен болды.
Сапар барысында министр Аққайың ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөнделген және салынып жатқан нысандарды аралады. Юрий Ильин Аралағаш орта мектебінде, Ленинское ауылындағы мәдениет үйінде, Смирноводағы мәдени-сауықтыру орталығында болды. Сондай-ақ аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Сапар соңында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланған жиын өтті.
Жалпы облыста бұл жоба бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл өмірінің сапасын жақсарту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту. 2019-2020 жылдары 20 ауылда 6,6 миллиард теңгеге 44 жоба жүзеге асырылды. 76 мың адамға қолайлы жағдай жасалып, 550 жұмыс орны ашылды. 2021 жылы 50 ауылды дамытуға 10,7 млрд. теңге бөлінді. Ауылдарда мектептер, емханалар, мәдениет үйлері, балабақшалар жаңғырып, жолдар жөнделді, спорттық нысандар бой көтеруде.
Жалпы, «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында 2021 - 2025 жылдары 300-ден астам ауылды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осы кезеңде жалпы құны 43 млрд теңге болатын 500-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, бұл 244 мыңнан астам адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі