
2021 жылғы 23 қазанда Байғанин ауданында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқұлов Бегендік Таскентұлының бастамасымен Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт өмірде жалын алауыздықтаған батыр, “Ленинград қаласының құрметті азаматы”, Байғанин аудандық халық сотында ұзақ жылдар халық заседателі болған Сәрсембаев Елтоқ Сәрсембайұлының құрметіне арналған ескерткіш-тақтаның ашылу салтанаты болды.
Аталған шараға Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқұлов Бегендік Таскентұлы және Ақтөбе облысы ТЖ департаменті “Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі” ММ-нің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Қадыров Арман Қабашұлы мен аудан басшылығымен қатар, ардагердің ұрпақтары қатысып, мерекелік шараның куәгері болды.
Елтоқ Сәрсембайұлы 1924 жылы 21 қаңтарда Байғанин ауданында дүниеге келген. Жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғышқылардың бірі болып қызыл әскер қатарына алынып, Ленинград майданында тосқауылды бұзады. Бұл ерлігі үшін бірнеше мемлекеттік жоғары дәрежелі марапаттармен марапатталды. 1965 жылы 9 мамырда оған “Ленинград қаласының құрметті азаматы” берілді. Елтоқ атаның суреті Ленинград қаласының Орталық әскери-теңіз мұражайына қойылды.
Елге оралған соң Алматы қаласындағы өрт сөндіруші мамандар даярлайтын курстан өтіп,1968 жылдан 1985 жылға дейін өрт сөндіру командасының аудандық бөлімшесінің бастығы болып қызмет етеді.
Талап пен жігер, отты ой мен көркем мінез, қажырлы еңбек қашанда адамды алға жетелейді. Осы қасиеттерді бойға жиған, кесек мінезді қайраткерді жас ұрпаққа танытудың өзі бір ғанибет!
Қазақстандық Төтенше жағдайлар органдары ардагерлері ұйымы