ҚР ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитетіне 90 жыл

ҚР ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитетіне 90 жыл

2021 жылғы 18 қазанда ҚР ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінде Мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің құрылуына 90 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Ильин Юрий Викторович, Комитеттің басшылығы мен қызметкерлері және материалық резервтер жүйесінің ардагерлері қатысты.  

Комитет пен «Резерв» республикалық мемлекетік кәсіпорнының, оның филиалдарының бірқатар қызметкерлері ҚР ТЖМ ведомстволық наградаларымен Төтенше жағдайлар министрі Ю.В.Ильиннің алғыс хатымен марапатталды.

КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1931 жылғы 17 қазандағы қаулысымен мемлекеттік резервтерді басқарудың негізгі функцияларын біріктіретін мамандандырылған орган – Еңбек және Қорғаныс Кеңесі жанындағы резервтер комитеті (Резервтер комитеті) құрылды. 1990 жылдың аяғынан бастап мемлекеттік резерв жүйесінде төтенше жағдайлардың салдарын жою және гуманитарлық көмек көрсету кезінде бірінші кезектегі шараларды қабылдауға арналған тауарлар мен материалдардың ерекше қорын құру бойынша жұмыс басталды. КСРО одақтас республикаларының өз егемендігі мен тәуелсіздігін жариялауына байланысты 1992 жылдың 22 қаңтарында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанынан Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі Комитет құрылды.

Комитет құрылған сәттен бастап мемлекеттік материалдық резерв саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу және нормативтік-құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды табысты орындауда.

Бүгінгі таңда Мемлекеттік резерв жүйесі ел аумағындағы дүлей зілзалалар мен техногендік апаттардың салдарын жою жөніндегі кезек күттірмейтін жұмыстарды қажетті тауарлармен және материалдармен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі