Ағайынды Макаевтар

Ағайынды Макаевтар

 

 

Мақсат Мелсұлы Макаев және оның ағасы Шамиль барлық істі бірге атқарады. Екеуі екі бөлімшенің командирі. Олардың тағдыры өте қызықты.  Адамдардың өмірін құтқару және төтенше жағдайларды жою ісінде тәжірибелері де мол.

«Біздің балалық шағымыз Меркі ауылында өтті. Күз айының бірінде өз үйімізден өрт шықты. Шөпханадағы бір мая шөп өртенді. Өрт жылдам таралды, ауыл түгелдей көмекке келседағы өртті сөндіруге шамамыз келмеген соң, біз өрт сөндірушілерді шақырдық. Ағамыз екеуіміз ол кезде бала едік. Мен шамамен 11 жастамын, ал ағам 13 жаста еді. Сол кезде біз өрт сөндірушілердің жұмыстарына куә болдық. Олардың тәртіпке бас июі, берілген команданы жеедл атқаруы және жалындаған қызыл жалыннан қорықпай, қайта жақындай түсіп, оны сөндіргендері бізді тәнті етті. Олар өртті оп оңай-ақ сөндіріп, біздің шөпханаға жақын тұрған қорамыз бен үйді өрттен аман алып қалды. Бұл оқиға бізге күшті әсер қалдырып, жадымызда мәңгілік естелік болып қалды. Біз үшін олардың жұмыстарын көру өте қызықты болды. Өрт сөндіру машиналары, киімдері мен жарақтары, бұның бәрі әрине бізге шабыт сыйлады. Кәсіпті таңдауымызға осы жағдай қатты әсер етті десек қателеспейміз», - деп Мақсат ішкі сырымен бөлісті.

Қызмет өткеру кезеңінде ағайынды Макаевтар өздерін тек жақсы қырларынан ғана көрсете білді. Басшылық тарапы да оларға әр істе бастамашыл, кәсіби сауатты және жауапты қызметкерлер ретінде жоғары мінездеме береді. Олар бірнеше рет ірі және күрделі өрттерді сөндіруге қатысып, атқарған жұмыстары үшін бірнеше марапатқа ие болған.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Меркі мұнай сақтау қоймасынан өрт шықты. Өрт жанар жағар майды резервуарға құю барысында орын алған екен. Лапылдаған жалын демде айналаға жайылған. Сол кезде біз өрттің күрделілігінің жоғары деңгейін байқап, қосымша күш шақырттық. Олар келіп жеткенше біз бөліммен бірге апатпен арпалыстық. Бұндай өртті аз күшпен жою мүмкін емес еді. Алайда қажырлы еңбек пен тәртіпке бағына отырып,  оң шешім қабылдау мен шеберлік әрекеттің арқасында тілсіз жауды жойдық.  Яғни, біз оны толығымен сөндіріп, оның өзге резервуарларға таралуына және жарылуына жол бермедік. Ал қосымша күштер келіп жеткен соң барлығымыз жабыла отырып өртті түп тамырымен жойдық.. Егер біз дер кезінде оны оқшауламасақ, оның соңы жақсылыққа апармас еді. Алайда біздің ұжымның жұмыла атқарған жұмысының арқасында  тілсіз жауды тоқтаттық», - деп өз әңгімесін жалғады Шамиль.

Бүгінде ағайынды Макаевтар батыл әрі кәсіби тұрғыдан өздерін жоғары деңгейде дамытқан мықты мамандар.  Олар күн сайын өзге жандардың игілігі амандығы үшін өз өмірлерін, денсаулығын тәукелге тігуде. Жалпы қоғамда тек жеке бастарын күйттегендер емес, осындай өзгелерге үлгі боларлық адамдар бар кезде біздің болашаққа деген сеніміміздің кәміл болары сөзсіз.

 

Жамбыл облысы ТЖД Баспасөз қызметі