Жамбыл облысының өртке қарсы қызметінде өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып қана қоймай, қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысатын жігіттер жетіп артылады. Солардың бірі де бірегейі – Жөкенов Әлішер Дайырұлы.
Әлішер Жөкенов 1991 жылы 30 қыркүйекте Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүиеге келген. Жастайынан Ұлы Отан соғысының ардагері, шежіреші, ауданның құрметті азаматы атанған марқұм Ақмолда Жөкенұлы атасының тәрбиесін көріп өскен бала Әлішердің де арманы ел қорғанына айналған азамат болып қалыптасу болатын. Әрине, бұл тұста әкесі Дайыр мен анасы Айзаданың оған азамат ретінде өсіп-жетілуіне өз ықпалдарын тигізгендіктерін баса айта кету керек. Міне, осылайша Әлішер әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына сіңірген асыл қасиеттерді одан әрі өрістетіп, дамыта түседі. Тіпті, болашақта өзін әскери қызметте, ел игілігі жолында қызмет атқарып жүрген сәттерімен елестете бастайды. Оған себеп болған мына нәрсе еді. Әлішердің әкесі де, тіпті әкесінің бауырлары да Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, елге абыроймен оралуы ол үшін қашан да үлкен мақтаныш болатын. Ал мұны санасына сіңіріп өскен Әлішер Тараз қаласындағы №51 орта мектепті аяқтаған соң, Тараз мемлекеттік көпсалалы колледжінің автомобиль жолдары мамандығында білім алып, одан әрі 2011 жылы Ақтау қаласындағы №2201-А әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын атқарады. Осылайша әскерде теңіз жағалауын қырағы күзеткен ол елге оралған соң 2014 жылдан бастап Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметіне өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызметке орналасқан. Көп ұзамай басшылардың көзіне жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Әлішер 2015 жылы бөлімше командирі лауазымына көтерілген. Ол бүгінде өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарының бел ортасында жүргендігіне қарамастан шығармашылық бағыта өткен, түрлі деңгейдегі байқауларда өзінің ерекше оқу мәнерімен жоғары басшылықтың көзіне түсіп, салтанатты жиындардың тұрақты жүргізушісіне айналған.
Бір ерекшелігі Әлішер қатысқан өрт оқиғаларының көбі дерлік сәтті сөндіріліп, тіпті басшылардың атына өртке оранған үй қожайындарынан алғыс хаттар толассыз түсіп жатады десек еш қателеспейміз. Солардың біріне тоқталсақ, оқиға төмендегіше өрбиді.
Ол кезде Әлішер қарауыл бастығының міндетін атқарып жүрсе керек. Дәл сол күні Шөлдала иініндегі тұрғынүйде өрт оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабарлама түскен сәтттен, оқиға орнына жедел аттанған Әлішер бастаған өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, шұғыл түрде газ-түтіннен қорғау қызметін ұйымдастырып, үй ішінен әйел азаматшаны құтқарған. Одан әрі өрттің өзге аумаққа жайылуына жол бермей, шатырдағы өртті сөндірген. Ал бір ажалдан аман қалған әлгі әйел Әлішер бастаған от жауынгерлеріне алғысын жаудырған. Ол әрдайым түрлі сипаттағы өрт оқиғалары мен апаттық-құтқару жұмыстарының бел ортасынан табылып, жеке құрамды жоғары деңгейде басқару, апатты жоюға сауатты жұмылдыру қабілетімен ерекшеленіп келеді.
Бүгінде Тәуелсіздік құрдастарының бірі Әлішер Жөкенов асыл жары Мадина екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың қатарында. Еліміздің қарыштап өсуіне экономикалық әрі демографиялық жағынан өзінің үлкен үлесін қосып жүрген Әлішер Жөкенов секілді өз ісінің үздіктеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын!
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Қоғаммен байланыс тобы