
2021 жылғы 8 қазанда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Ажикеев Бообектің қатысуымен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қаупін азайту орталығы кеңесінің оныншы отырысы өтті.
Кеңес отырысында орталықтың 2021 жылғы есебі қаралып, мақұлданды. Отырыс аясында Орталықтың халықаралық ұйымдармен азаматтық қорғау саласындағы бірлескен жобаларын іске асыру, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі климаттың өзгеруі және төтенше жағдайларға бейімделу барысы туралы ақпарат ұсынылды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өз кезегінде Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қаупін азайту орталығына мүше елдердің шеңбері алдағы уақытта кеңейе түсетініне сенім білдірді.
Ол Ауғанстандағы саяси және экономикалық жағдайды ескере отырып, көмекке мұқтаж мемлекет халқына жан-жақты көмек көрсету қажеттігін атап өтті.
Кеңес мүшелеріне тараптардың жер сілкінісі кезінде ерте хабарлау жүйелерін интергациялауды жандандыру, сондай-ақ апаттар қаупін азайту, төтенше жағдайларға ден қоюға әзірлікті күшейту, Халықаралық бағдарламалар мен жобаларды практикалық іске асыруда орталықтың әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық Кеңесінің шешіміне қол қойылды.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі