
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Азаматтық қорғау органдарының 26 жылдығын мерекелеу аясында Ақтөбе облысының өртке қарсы қызмет қызметкерлері арасында 2 қазан күні шағын футболдан чемпионаттың финалдық ойыны өтті. Естеріңізге сала кетейік, чемпионат тамыз айының ортасында басталды. Аумақтық командалар аймақтар бойынша ойнап, жеңімпаз болған 8 команда бүгінгі ойынға жолдама алған болатын.
Жарыстың ашылу салтанатында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Аманбаев Марғұлан Топашұлы өрт сөндірушілерге сәттілік тілеп, ТЖ саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегендік Таскентұлы Айтқұлов аймақтық ойындарда жеңіске жеткен командаларды құттықтап, ойынға қатысушыларға өз батасын берді.
Командалар арасындағы тартыс барысында чемпионат жеңімпаздары анықталып, Алға ауданының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Ақтөбе қаласының № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы алып, үшінші орынды «Өрт сөндіруші» АҚ командасы иеленді. Жеңіске жеткен құрамалар және жекелеген номинациялар бойынша жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.
Жарыс соңында «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Азаматтық қорғау органдарының 26 жылдығына орай ұйымдастырылған аталмыш жарыстар төтенше бөлім қызметкерлерінің отансүйгіштік сезімдерін күшейтеді және командалық рухты нығайтады. Жарысқа қатысқан барлық командалар жоғары әскери және спорттық тәртіпті көрсетті»,- деп атап өтті облыстық ТЖ департаментінің бастығы М. Аманбаев.
Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі