Қызметі - өміріне айналған жан...

Қызметі - өміріне айналған жан...

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Асхат Әбдірашитұлы Кабираев «Ұжым неғұрлым ұйымшыл болса, соғұрлым оған кез-келген міндеттерді шешу оңайырақ болады» деген ұстанымды ұстанады.

Жалпы, Асхат Кабираев өрт сөндіру саласында 2002 жылдың желтоқсан айынан бері қызмет атқаруда. Ол өзінің еңбек жолын Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы болып бастаған. 2010 жылы аға өрт сөндіру-құтқарушы лауазымынан Тараз қаласының №1 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымына ауыстырылды. Ал 2014 жылы жоғарыда аталған бөлім бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2 жылдың ішінде тәжірибесін жинақтап, 2016 жылы осы №1 өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Міне 5 жылдан астам уақыт бойы ол аталған бөлімшенің жеке құрамына басшылық етіп, ұжыммен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыс атқарып келеді.

Өртке қарсы қызымет саласында 19 жылға жуық жұмыс істеген Асхат Әбдірашитұлы бүгінде өрт сөндіру ісінің қыры-сырын әбден меңгерген майталман маман десек қателеспейміз. Оның артында бірнеше құтқарылған адамдардың өмірлері тұр. Сондай-ақ сан мыңдаған өрт оқиғалары мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысып, үнемі алдыңғы шептен көрінуі осының айғағы іспетті. Өзінің өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы үшін ол тек жай басшы ғана емес, кез-келген уақытта адам жанын жақсы түсіне білетін және қажет кезде қолдау көрсетуге де дайын тұратын жақсы дос, асыл азамат.

Асхаттың айтуынша, ол бұдан былайғы өмірін өрт сөндіру саласынсыз елестете алмайтын болып шықты.  Себебі, ол көп жағдайда өрт оқиғаларында өрт сөндірушілермен бірге жауынгерлік киімді үстіне апыл-ғұпыл іле салып, тілсіз жаумен бел шеше күресуге әрдайым дайын тұруынан-ақ өз ісіне шынайы берілген жан екендігін аңғаруға болады. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында ол әрқашан жігіттерді жігерлендіріп,  күштер мен құралдарды дұрыс арнаға бағыттауға бар күшін салып, ақыр соңында шешімдері нәтижелі аяқталады.

Біз ол кісіден есте қалған өрт оқиғалары туралы естеліктер сұрап, сыр суыртпақтағанымызда, ол әлі күнге жақында орын алған қайғылы жағдайлардың ойынан кетпей жүргендігін айтып, бұл жағдайға түсіністікпен қарауымызды өтінді. Иә...бұл жағдай кімге болмасын өте ауыр тигені белгілі. Дегенмен, біз Асхаттай өз саласының үздіктері туралы, олардың қатысқан өрт оқиғалары мен құтқару жұмыстары жөнінде көптеген жігіттерден естіп, біліп, көзімізбен көріп те жүрміз.   

Ал Асхат Әбдірашитұлынан жұмыстан бос уақытты қалай өткізетіндігін сұрағанымызда, ол әрдайым қолы қал етсе отбасымен көбірек уақыт өткізуге тырысатындығын тілге тиек етті. Бүгінде Асхат Әбдірашитұлы жұбайымен бірге екі қыз бала тәрбиелеп отырған ұлағатты отбасы.

Салаға сіңірген мінсіз қызметі үшін ол қызмет барысында сан түрлі марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды. Біз өз кезегімізде Асхат Әбдірашитұлы Кабираев секілді азаматпен бірге бір салада қызмет атқарып жүргеніміздің өзі үлкен қуаныш екендігін қуана жеткізгіміз келеді.

 

Жамбыл облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы