
2021 жылғы 22 қыркүйекте Төтенше жағдайлар органдарының ардагері, Қарағанды облысының «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Берік Елеуұлы Әбдіраев өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті.
Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің басшылығы қалыптасқан дәстүр бойынша мерейтой иесін айтулы күнмен құттықтады.
Ұжымның, ардагерлердің және бұрынғы қызметтестерінің атынан Берік Елеуұлын ардагерлер ұйымына белсенді қатысқаны, азаматтық қорғау органдарының жас қызметкерлерін тәрбиелегені үшін алғыс айтып, оған мықты денсаулық, амандық, оптимистілік пен рух сергектігін тіледі.
Берік Елеуұлы азаматтық қорғау органдарында 25 жылдан астам қызмет атқарды. Б.Е. Әбдіраев өз қызметі барысында облыстың төтенше жағдайлар органдарының дамуына елеулі үлес қосты. Кәсіпқойлық, шексіз борыш пен жауапкершілік сезімі, энергия мен мақсаттылық қасиеттері арқылы басшылық пен әріптестері алдында жоғары беделге ие болған адам. Бұған оның өмірбаяны, қызметтік тізімі мен көптеген грамоталары, төсбелгілері мен марапаттары дәлел.
Еңбек жолын Қарағанды облысы ІІБ Өрт күзеті басқармасының №29 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің нұсқаушысы қызметінен бастаған.
2001 жылдан бастап түрлі басшылық қызметтерді атқарды. 2004 жылы Қарағанды облысының Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Бас басқармасы жанындағы Әскери-жұмылдыру жұмысы және азаматтық қорғаныс басқармасын басқарды.
2005 жылы Қарағанды облысының ТЖ саласындағы МТКБ бастығының өртке қарсы және авариялық-құтқару бөлімшелерінің қызметін үйлестіру жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды, 2006 жылғы қыркүйекте зейнетке шықты.
2006 жылдан бастап ардагерлер ұйымының жұмысына белсенді қатысты. 2020 жылы Берік Елеуұлы «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы филиалының төрағасы қызметіне тағайындалады.
Отставкадағы ішкі қызмет полковнигі Абдарев Берік Елеуұлы - зейнеткерлікке шыққаннан кейін де құтқарушы болып қала беретін төтенше жағдайлар органдарының қызметкерінің жарқын үлгісі.
Қарағанды облысы ТЖД
баспасөз қызметі