Шомылу маусымында ТЖМ құтқарушылары 328 адамды, оның ішінде 61 баланы құтқарды

Шомылу маусымында ТЖМ құтқарушылары 328 адамды, оның ішінде 61 баланы құтқарды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шомылу кезеңінің қорытындысы және жылыту маусымына дайындық туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

«Шомылу маусымында ТЖМ құтқарушылары 328 адамды, оның ішінде 61 баланы құтқарды.

Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ барлық деңгейдегі орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, суда төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін алдын ала бастады және үздіксіз өткізілді.

Шомылуға рұқсат етілген 538 орын анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 93 орынға көп.

ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен және жеке меншік объектілермен бірлесіп 454 құтқару және 66 медициналық бекет құрды.

Аса қауіпті учаскелерде 59 мобильді құтқару бекеті қойылды.

Су айдындарында 6 655 қауіпсіздік белгісі және 1 656 ақпараттық стендтер орнатылды, онда адамдардың қаза болу себептері мен оқиғаларға ықпал еткен жағдайлар жазылған.

Тұрғындар арасында 1 млн 139 мың 935 дана үгіт өнімі (буклеттер, парақшалар) таратылды, халықпен 5 314 жиын өткізілді.

Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылда 32850 бала жүзуге үйретілді, - деп ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма басшысы Қанат Тұрысбаев атап өтті.

Алдын алу жұмыстарына 17 943 волонтер тартылды.

ТЖМ күштері ІІМ-мен, жергілікті атқарушы органдармен және волонтерлермен бірлесіп 76 649 рейд және патрульдеу жүргізді, ӘҚБК-нің 440-бабы «қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу» бойынша 4 788 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ ӘҚБК-нің 364-бабы «ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 5 781 адамға ескерту жасалды және 172 адамға айыппұл салынды.

Биыл су айдындарында адам өлімінің алдын алудың жаңа әдістері қолданылды.

Авиациялық және теміржол көлігінің мультимедиялық жабдықтары су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша үгіт-насихат өнімдерін тарату үшін пайдаланылды.

«2GIS» картографиялық платформасында еліміздің барлық өңірлерінде су айдындарында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындардың деректері орналастырылған

Адамдардың қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқушылармен 1 129 интерактивті сабақ және халықпен 5 507 жиын өткізілді.

ТЖМ және мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шараларға қарамастан, шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан 319 адам, оның ішінде 95 кәмелетке толмағандар суға кетті.

Су айдындарында балалардың қаза болу жағдайларының 82%-ында балалар ата-аналарының қарауынсыз болды.

Су айдындарында суға батып қайтыс болғандардың саны бойынша Алматы облысы – 45 адам, оның ішінде 12 бала және Шығыс Қазақстан облысы – 36 адам, оның ішінде 10 бала көш бастап тұр.

Адамдардың қайтыс болуының негізгі себептері өз күштерін жете бағаламау – 141 жағдай, мас күйінде шомылу – 65 жағдай, су айдынына құлау – 57 жағдай, жүзе алмау – 30 жағдай, балық аулау кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу – 12 жағдай, суға батып жатқан адамдарды құтқару кезінде-12 жағдай және жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу - 7 жағдай.

Суға шомылу маусымының аяқталуына қарамастан, құтқарушылар су айдындарында адамдардың өлімінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты жалғастыруда, өйткені күзгі кезеңнің басталуымен аң аулау және балық аулау маусымы басталады.

ТЖМ судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді.                                      

 

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі