Төтенше жағдайлар министрлігінің қайта құрылғанына бір жыл толды

Төтенше жағдайлар министрлігінің қайта құрылғанына бір жыл толды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылғанына бір жыл толды.

Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызметі, кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында 22 387 адам құтқарылды, 29 066 адам ТЖ аймағынан эвакуацияланды, 6 644 зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. ТЖМ құтқару бөлімшелері өрттерге және авариялық-құтқару жұмыстарына 129 102 шығуды жүзеге асырды.

Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің 416 өрт сөндіру бөлімшесі, 57 құтқару станциясы мен 3 әскери бөлім еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде қосымша 15 өрт сөндіру депосы салынып жатыр. Биылғы жылдың шілде айында Маңғыстау облысының Ақтау қаласында 1 құтқару станциясының құрылысы аяқталды.  

Алматы облысында сел тасқынынан қорғауды қамтамасыз ету үшін Қорғас өзенінде шартты түрде Қорғас-1 және Қорғас-2 деп аталатын екі жоба іске асырылуда. Селден қорғау кешенінің негізгі элементі сел ұстайтын Шүкірбұлақ (Алмалы) бөгеті болып табылады, оның бір бөлігі Қытай Халық Республикасының аумағында орналасатын болады.

Алматы қаласында «Ақсай» шатқалында және Ақсай өзенінің «Аюсай» бассейнінде сел ұстайтын бөгеттер салу жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғастырылуда.

Қазақстан ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласында БҰҰ бөлімшелерімен, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.

Тамыз айында Перзиденттің тапсырмасы бойынша бауырлас және гуманитарлық көмек аясында Қазақстанның құтқарушылары мен 2 тікұшағы Түркия Республикасындағы орман өрттерін сөндіруге жұмылдырылды.

Биылғы жылдың қыркүйек айында Қарағанды қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XVI Әлем чемпионаты және әйелдер арасындағы VII Әлем чемпионаты өтті. Кәсіби спорт түріндегі біріншілігі үшін тоғыз елден 14 команда жарысты. Қазақстанда мұндай іс-шара екінші мәрте өтіп отыр. 2014 жылы чемпионаттың әлем біріншілігі тұңғыш рет Алматы қаласында өткен болатын.

Сонымен қатар Қарағанды қаласында Қазақстан, Беларусь және Ресей ТЖМ бірлескен алқасының сегізінші отырысы өтті. Отырыс барысында үш елдің ведомстволарының өкілдері білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенті талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) ұйымдастыру және жүзеге асыру туралы мәселелерді талқылады. Бұдан басқа халықаралық спорттық іс-шараларды, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шараларды өткізу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы айтылды.

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі