Академияда жаңа оқу жылы басталды

Академияда жаңа оқу жылы басталды

Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академияда дәстүр бойынша жаңа оқу жылы жатақхана  алаңында салтанатты сап түзеумен басталды. Бұл - Академияның бірінші жиынтығы болып табылатын 1-курс курсанттары үшін ерекше күн. Олар үшін бұл күні өмірдің жаңа кезеңі басталады.

Мерекелік іс-шара Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан азаматтық қорғау қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Академия бастығы азаматтық қорғау полковнигі  Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов барлық жеке құрамды құттықтап, оқытушыларға  жемісті еңбек пен жаңа жетістіктер, курсанттардың өз қабілеттеріне сенімділігі мен жаңа білім шыңдарын бағындыруын тіледі. Бастықтың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, полковник К.К. Карменов, ҚР ІІМ құрметті ардагері С.С. Асылбеков   құттықтау сөз сөйледі.

1-курс курсанттары атынан азаматтық қорғау қатарындағы Ғалымжан Ақышев сөз сөйледі.

Салтанатты шара барысында 1-курс курсанттарына алғашқы курсанттық  погондар  табыс етілді.

Сонымен қатар Академия бастығы жеке құрам алдында ерлер арасындағы өрт сөндіру және құтқару спортынан Қазақстан Республикасының XXVII чемпионатында бірінші орынға ие болған  спортшыларға медальдар мен кубок табыстады.

Іс -шара салтанатты шерумен аяқталды.

 

 

ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы

Азаматтық қорғау академиясының

баспасөз қызметі