
28 тамыз күні Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне Үлкен Алматы шыңына барар жолда адасып кеткен үш жас турист туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына РЖҚЖ жедел тобы шықты. Тәжірибесіз туристер болғандықтан, құтқарушыларға қай жерде екендерін түсіндіре алмады. Жасақ қызметкерлері жергілікті жерді жақсы білетіндіктерінің арқасында, жігіттердің шамамен орналасқан жері – Проходное шатқалы мен Аю Сай шатқалының арасы деп пайымдады.
Қараңғы түскендіктен кез-келген шатқал арқылы көтерілу мүмкін емес, дауылдың салдарынан рельеф тік және адам аяғы басқысыз болды. Жедел топ жетекшісі зардап шеккендерге Үлкен Алматы шыңы (теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте) арқылы жетуге шешім қабылдады.
29 тамыз түнгі сағат 02.30-да жедел топ туристерді тапты. Жастар тамақ пен сусыз, мұздап қалғандары болмаса, жалпы жағдайлары қанағаттандырарлық. Зардап шеккендерге су және жылы киімдер ұсынған РЖҚЖ құтқарушылары, жігіттерді түсіруге кірісті. Екі шатқалды бөлетін жотаға шығу керек болды. Туристердің физикалық дайындығының болмауына және тас құлау қаупіне байланысты, құтқарушылар өте баяу және асқан қырағылықпен қозғалды.
РЖҚЖ құтқарушылары барлық кедергілерді жеңе отырып, сағат 11.15-те адасқандарды Проходное шатқалының тас жолында күтіп тұрған туыстарына тапсырды.
Егер сіз сапарға шықсаңыз, қосымша жылы киім алуды ұмытпаңыз, арнайы аяқ киіміңіз болуы керек – ыңғайлы треккингтік етік. Топта бағытты жақсы білетін адам болғаны дұрыс.
ҚР ТЖМ РЖҚЖ ММ баспасөз қызметі