
9 тамызда Елордалық ТЖД басшысы Қуанар Базарбаев Бауыржан Мұқышев, Секен Нариман және Ержан Шекеновті үш баланы құтқару кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қайсарлығы үшін алғыс хатпен марапаттады.
Бұл оқиға ағымдағы жылдың 12 қаңтарында орын алған. Сол күні 3 жасөспірім үйіне келе жатып, қалың қардан өтпек болғанда оның астына 8 жасар ұл түсіп кеткен. Жанында болған 10 және 12 жасар бауырлары құтқармақ болып, қардың қалыңдығы мен боранға байланысты өз күштерімен шыға алмаған. Сол мезетте көпірдің жанынан өтіп бара жатқан үш жігіт Бауыржан Мұқышев, Секен Нариман және Ержан Шекенов ойланбастан дер кезінде көмекке келіп, балаларды қардан алып шығып, құтқарып қалған.
Бақытымызға орай, батырларымыздың ерлігі мен батылдығының арқасында балалар құтқарылды. Батырлардың бірі "Қазақстан спортшылар одағы" РҚБ-де Төрағаның көмекшісі болып жұмыс істейді. Құтқарылған баланың ата-анасы оның бокспен айналысуды армандағанын айтты. Қазақстандық спортшылар Одағы баланың арманын жүзеге асыру үшін толық спорт жиынтығын сатып алып, оны бокс секциясына жазып алды. Балалардың ата-аналары ерлік жасаған адамдарға ризашылықтарын білдірді.