Маңғыстау облысында жаңа суда құтқару станциясы ашылды

Маңғыстау облысында жаңа суда құтқару станциясы ашылды

30 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың және Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың қатысуымен Ақтау қаласында «Приморский-1» шағын ауданында жаңа суда құтқару станциясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Суда құтқару станциясының ғимараты өткен жылы салына бастады. Ол Каспий теңізінің жағалауында орналасқан. Станция республикада моноқалаларды әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасы шеңберінде салынған.

Каспий теңізінің көлемін ескере отырып, төтенше жағдайларға тұрақты әзірлікті және жедел ден қоюды қамтамасыз ету үшін суда құтқару станциясын салу қажеттілігі туындаған. Себебі теңіз жағасында көптеген демалыс аймақтары мен базалар бар.

Жедел-құтқару жасағы құтқару катерлерімен, сүңгуірлік және суда құтқару жабдықтары мен керек-жарақтарымен жабдықталған.

Қонақтарға құтқару техникасы мен авариялық-құтқару жабдықтарының көрмесі ұсынылды. Онда құтқару шеңберлері, кеудешелер, гидрокостюмдер келушілер назарына ұсынылды. Шара барысында құтқарушылар авариялық-құтқару және сүңгуір жабдықтарының заманауи құралдарын көрсетті.

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі