ТЖМ судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді

ТЖМ судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шомылу маусымы және өрт қауіпті кезеңдерінің өтуі туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

«Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 214 адам, оның ішінде 43 бала құтқарылды. 312 адам суға кетті, оның ішінде 109 бала суға батып, қайтыс болды. Мұның себептері өз күштерін дұрыс бағаламау, су қоймаларына құлау, мас күйінде шомылу, жүзе алмау, балық аулау кезінде, суға батушыны құтқару кезінде, жүзу құралдарында сырғанау кезінде ережелерді бұзу болды», - деп ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов атап өтті.

Шомылу маусымы басталғаннан бері (1 маусымнан бастап) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 219 адам, оның ішінде 43 бала құтқарылды.

233 адам, оның ішінде 70 бала суға батып, қайтыс болды. Адамдардың қаза болуы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл облыстарының су айдындарында тіркелді.

Еліміздің су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп практикалық және профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізеді. Бүгінгі күні еліміз бойынша шомылуға рұқсат етілген 515 орын анықталды. Су айдындарында 5 500-ден астам ескерту белгісі орнатылды.

Биыл су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алудың жаңа әдістері мен тәсілдері енгізілді. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша үгіт өнімдерін тарату үшін авиациялық және теміржол көлігінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері пысықталды. «2GIS» картографиялық платформасында барлық өңірлердегі су айдындарында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындардың деректері орналастырылған.

Биыл әкімдіктер қосымша 43 коммуналдық жағажай, ал кәсіпкерлер жабдықталған 33 жағажай жасады.

Халықтың жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқу орындарында 954 интерактивті сабақ және халықпен 2457 жиын ұйымдастырылды және өткізілді.

Қалалық жағажайларда шомылуға арналған қауіпсіз балалар жағажайлары жабдықталған, онда құтқарушылар шомылу маусымының барлық кезеңінде балаларды жүзу дағдыларына үйрету бойынша жұмыстар жүргізеді. Қазіргі уақытта  2925 бала жүзу дағдыларын меңгерді.

Азаматтардың қоғамдық орындарда болуы және ортақ су пайдалану қағидаларының, сондай-ақ судағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзу фактілерінің болуына жол бермеу мақсатында ТЖМ және ІІМ күн сайын тыйым салынған орындарда жүйелі түрде бірлескен рейдтер мен патрульдеу жұмыстарын жүргізеді.  

Жыл басынан бері құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп 30 мыңнан астам патрульдеу мен рейдтер жүргізді, 3 328 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ТЖМ азаматтарды судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді.

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі