Баланы өлімнен құтқарды

Баланы  өлімнен  құтқарды

ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы Өскемен қаласы Оқу орталығының аға оқытушысы азаматтық қорғау подполковнигі Талғат Сабырбаев жағалауда суға батып кете жаздаған ес-түссіз жатқан баланы құтқарып қалды.

Оқиға 2021 жылдың 10 шілдесінде орын алған. Бұл уақытта Талғат Сабырбаев отбасымен бірге "Сибин"  көлінде демалып жатады.  Белгілі болғандай, бала су астында қалып, оны туыстары жағаға шығарған. Жақын маңда жүрген адамдар 14 жасар жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқанмен, нәтиже болмайды.

Сол кезде Талғат Сабырбаев көмекке асығып, жасанды тыныс алдырып, бірнеше минут бойы жүрекке массаж жасайды. Осыдан кейін баланы ЖМКС қызметкерлері Өскемен қаласының Ана мен бала орталығына "суға бату" диагнозымен ауруханаға жатқызады. Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық.

Баланың әкесі Әсет Ғаббасов азаматтық қорғау подполковнигіне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Айта кетейік, бұл отбасы Талдықорған қаласынан Өскеменге демалуға келген.

 

ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы

Азаматтық қорғау академиясының

баспасөз қызметі