
Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы құтқару станциясы базасында Қазақстан Республикасы ТЖМ сүңгуірлерін дайындау бойынша тренинг жалғасуда.
Тренингтің тоғызыншы күні сүңгуірлер желдетілетін сүңгуірлік жарақта (сүңгуірлік скафандрда) сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу бойынша тапсырмаларды пысықтады.
Су астындағы жұмыстарды тікелей жүргізу ғана емес, сонымен қатар желдетілетін жабдықты дайындау және түсіру маңызды болды. Сүңгуірлер сымды байланысты ұйымдастыруды, компрессордың көмегімен ауа беруді қамтамасыз етуді, сүңгуірлік скафандрды дұрыс киюді және алып тастауды үйренді. Сондай-ақ сүңгуірмен болған авариялық жағдайлар және осы жағдайлардағы әрекеттер пысықталды.
Барлық тапсырмалар Балқаш көліндегі ашық су айдыны жағдайында орындалды, бұл қатысушыларға жағалаудан 50 м қашықтықта және 6 м-ден астам тереңдікте іс-қимылдарды пысықтауға мүмкіндік берді, су астындағы көріну 0,3 м-ден аспады.
Сүңгуірлер суасты-техникалық жұмыстарды жүргізу үшін гидродинамикалық құралды қолдану дағдыларын игерді.
Сабақ барысында гидромолоттың көмегімен конструкцияларды бұзу технологиясы пысықталды.
Сүңгуірлік станциялардың барлық әрекет етуші тұлғалары мен қамтамасыз етуші персоналдың өзара іс-қимылы да маңызды мәселе болды. Нұсқаушылардың бақылауымен жұмыс істейтін және қамтамасыз етуші сүңгуірлер, сүңгуірлік түсулер басшысы және құрал операторы арасында сигналдар мен командалар беру жүзеге асырылды.
Білім алушылардың келесі міндеті акваторияның берілген алаңында шартты түрде қайтыс болған адамның денесін іздеуді жүзеге асыру болды. Іс жүзінде нөлдік көріну жағдайында сүңгуірлер қаза тапқан адамды судан іздеу және шығарудың әртүрлі тәсілдерін пысықтады. Бұл ретте судың аздап толқуы білім алушылардың міндетін қиындатты.
Жалпы, қатты ыстыққа қарамастан сүңгуірлер қойылған оқу міндеттерін орындады, ал нұсқаушылар әр тапсырма бойынша талдау жүргізді.
Алдағы уақытта желдетілетін сүңгуірлік жарақты іздеу, қолдану дағдыларын пысықтауды жалғастыру жоспарлануда. Оқу аяқталғаннан кейін барлық сүңгуірлер оқыған тақырыптары бойынша сынақ тапсыруы тиіс.
ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті