Қарағанды облысының Приозерск қаласында Қазақстан ТЖМ сүңгуірлерінің тренингі басталды

Қарағанды облысының Приозерск қаласында Қазақстан ТЖМ сүңгуірлерінің тренингі басталды

2021 жылдың 24 мамырында Қарағанды облысының Приозерск қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің сүңгуірлеріне арналған тренинг басталды.

Шара 24 мамыр мен 5 маусым аралығында Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының, Дүлей апаттарға ден қою және қауіп-қатерді азайту орталының қолдауымен өткізіледі.

Он күн бойы Қазақстан Республикасы, Ресей және Қырғыз Республикасы ТЖМ нұсқаушы-мамандары тәжірибе алмасатын болады.

Тренингке еліміздің өңірлеріндегі жедел-құтқару жасақтарының 35 құтқарушысы қатысады.

«Ресей мен Қырғыз Республикасының ТЖМ әріптестеріне сүңгуірлерді дайындауға көмектескені үшін алғыс білдіремін. Үздік тәжірибе мен білім алмасу әрқайсымыз үшін пайдалы болады деп үміттенемін, өйткені біздің алдымызда адамдарды құтқару бойынша ортақ міндет тұр», - деп Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев атап өтті.

Сүңгуірлерді даярлау Приозерск қаласының құтқару станциясы базасында өтеді. Құтқару станциясы сүңгуірлік және суда құтқару жабдықтары мен керек-жарақтарының жаңа үлгілерімен, оның ішінде сүңгуірлік жұмыстарды жүргізгеннен кейін құтқарушылардың денсаулығына қауіп төндірмей, оларға медициналық-оңалту іс-шараларын жүргізуге мүмкіндік беретін барокамерамен жабдықталған.

Ғимаратта қажетті жабдықтардан басқа оқу сыныптары, залдар, тұрғылықты орындар, сүңгуірлерге арналған бассейн бар. Бұл станцияның құрылысы мұнда жоғары білікті сүңгуірлерді даярлау үшін оқу орталығының ашылуын ескере отырып жүргізілді.

Тренингтің практикалық бөлігін өткізу үшін 6 оқу орны қарастырылған, атап айтқанда «Су астындағы ГТҚ конструкциясының элементтерінде болжамды ақауын жою», «Су астында құрал-саймандармен техникалық жұмыстар жүргізу»,  «Фланецтен ауа шығу ақауын жөндеу», « Металл бөшкеден ауа шығу ақауын жөндеу», «Бөренелер арасында қапсырмаларды ығыстыру» және «Суға батқан техниканы іздеу және шығару».

Тренинг қорытындысы бойынша Қазақстан ТЖ министрлігінің 24 сүңгуіріне біліктілігін арттыру және 1-2 топ мамандарына 3-сынып сүңгуірі дәрежесін беру, 10 сүңгуірге сүңгуір ісінің нұсқаушысы біліктілігін беру жоспарлануда.

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі