
Мәскеуде тікұшақ индустриясының халықаралық көрмесі өтті. Шара барысында Қазақстан мен Ресейдің тікұшақ қызметтері операторлары арасында ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында ұшу құрамын оқыту және қайта даярлауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазақстандық тікұшақ операторының қызметкерлері Тюменьдегі персоналды даярлау орталығында МИ-26, МИ-8Т, Ми-8МТВ және Ми-8АМТ тікұшақтарының тренажерларында жаттығуға мүмкіндік алады.
«Біз ресейлік әуе кемелеріне қызмет көрсету мен оларды пайдалануда өз тәжірибемізбен бөлісуге, сондай - ақ инженерлік және ұшу кадрларын даярлауға көмектесуге дайынбыз»,-деп «ЮТэйр-тікұшақ қызметтері» АҚ-ның бас директоры Александр Стефанюк түсініктеме берді.
«Сіз басқарып отырған ұйыммен серіктестік біздің әуекомпания үшін ғана емес, жалпы қазақстандық авиация үшін де дамудың перспективалы бағыты болып табылады, бұл тәжірибе алмасуға және әуе көлігі секторын жақсартудың жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік береді», — деп ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ бас директоры Болат Абайділдинов атап өтті.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі