
Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Нұр-Сұлтан қаласында халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Іс-шара онлайн форматта өтті.
Шараға ел өңірлерінің тұрғындары, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес мекемелердің, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Министр кездесуге қатысушыларды азаматтық қорғау органдарының қызметі, жұмыс нәтижелері және даму перспективалары туралы хабардар етті. Сондай-ақ, 2020-2021 жылдардағы қысқы, жылыту, су тасқыны, өрт қауіпті және суға шомылу кезеңдерінде жүргізілген авариялық-құтқару жұмыстары туралы айтып берді.
Мәселен, 2020 жылы ТЖ саны 7%-ға қысқарып, шамамен 14 мың адам құтқарылды. ТЖ бөлімшелері 71 мыңнан астам шақыртуға барған, ТЖ аймағынан 19 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Төрт мың зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
«Биыл 5 мыңнан астам адам құтқарылды, ТЖ бөлімшелері 21 мыңға жуық шақыртуға барды, ТЖ аймағынан 6 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 1 мыңнан астам зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - деп атап өтті Юрий Ильин.
ТЖМ басшысы өрт қауіпті және суға түсу кезеңдерінің қауіпсіз өтуіне ерекше назар аударды.
Жыл басынан бері өрт қауіпті кезеңде 96 орман өрті (2020ж. – 146) және 682 (2020ж. - 886) дала алқаптарының жануы тіркелді.
Мамыр айынан бастап еліміздің су айдындарында екі мыңға жуық патрульдеу мен рейд жүргізілді. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 70-тен астам жауапкершілікке тартылды.
Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін өнеркәсіптегі техногендік апаттардың алдын алу министрліктің маңызды бағытының бірі болып табылады. Өткен жылы қауіпті өндірістік нысандарда 28 апат және 308 оқыс оқиға тіркелген. Бұл ретте 28 адам қаза тауып, жарақат алды.
Министр халықты хабардар ету мәселелерін де тілге тиек етті. Мәселен, белсенді цифрландыру кезеңінде «Darmen» мобильді қосымшасы әзірленді, ол халықты 5 секунд ішінде уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді. Қазір мобильдік қосымшаны пайдаланушылардың жалпы саны екі жүз мыңнан астам адамды құрайды, тек 2020 жылы 90 мыңнан астам адам тіркелген.
Өз баяндамасының соңында министр есептік кездесуге қатысушылар қойған сұрақтарға, сондай-ақ ел өңірлерінен және министрлікте құрылған «Call-орталығы» арқылы келіп түскен сұрақтардың барлығына жауап берді.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі