
7 мамыр күні Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік бөліміне, Іле өзені бойымен қолдан жасалған салмен (плот) үш адам жүзіп бара жатып, қамысты аралдардың бірінде тұрып қалғандығы жайлы ақпарат келіп түсті.
Төтенше жағдай орнына РЖҚЖ құтқарушыларының жедел тобы бірден жолға шықты. Ақтоған кентіне жеткен жедел топ, өзеннің негізгі арнасынан 3 шақырым жердегі акваториядан бастап, моторлы қайықпен ағысқа қарсы жоғары қарай іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады.
8 мамыр сағат 15:08-де РЖҚЖ - ның жедел тобы зардап шеккендерді Еңбекшіказақ ауданы, Ақтоған ауылы, Іле өзенінің бойынан тапты.
Зардап шеккен адамдар Алматы қаласының тұрғындары екені белгілі болды. Туристер өздері жинаған салмен, Жаркент қаласының маңындағы Іле өзені арқылы өтетін үлкен көпір аймағынан сапарларын бастаған екен. Сапарларының екінші күні зардап шеккен адамдар ескекпен есуді жете білмегендіктен, ескектерін сындырып алған. Алайда, ауа-райы қолайлы болғандықтан, ескектерді сым-темірмен бекітіп, арна бойымен түсуді жалғастырады. Сапардың үшінші және төртінші күндері ауа райы қолайлы болады. Келесі күні күтпеген жерден ауа-райы күрт өзгеріп, ыңғайлас ілеспе жел қарама-қарсы соғып, екпінделе түседі. Салдарынан туристер салы қамысты жағада екі күн тұрып қалады. Абырой болғанда туристер туыстарына хабар беріп үлгереді. Хабарды алған туыстары бірден РЖҚЖ-на апат туралы сигнал берген. Таңғы сағат 4-те саяхатшылар қамысты жағалаудың бұғауынан босап шығып, өкінішке орай өзеннің өзге шығанағына тап болған.
Туристтердің салын оқиға орнында қалдыруға тура келді, РЖҚЖ құтқарушылары жедел автокөлікпен зардап шеккендерді аман-есен Алматы қаласына жеткізді.
«ҚР ТЖМ РЖҚЖ»ММ баспасөз қызметі