Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі И.Д. Күлшімбаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі И.Д. Күлшімбаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

2021 жылдың 31 наурызында Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Күлшімбаев Ибрагим Дәукесұлы Қызылорда облысында жұмыс сапарымен келді.  Ол жұмыс сапары барысында  Қызылорда облысы әкімі  Әбдіхалықова Гүлшара Наушақызының қабылдауында болды. Одан соң тағайындалған Қызылорда облысы ТЖД бастығы – азаматтық қорғау полковнигі Қайрақбаев Руслан Сламбекұлын  ұжымға таныстырды. 

Қайрақбаев Руслан Сламбекұлы Қызылорда облысында 1981 жылдың 14 қарашасында дүниеге келген. 2002 жылы ҚР ТЖА Көкшетау техникалық институтын, 2005 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетін бітірген. Қазіргі уақытта отбасында 4 баланы тәрбиелеп отыр. 2002 жылдан бері азаматтық қорғау органдары саласында еңбек еткен. 2002 жылы еңбек өтілін Қызылорда облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы №11 мамандандырылған өрт бөлімінің аға инженері-кезек жетекшісі болып бастаған.  2019 жылдан бері Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болып қызмет атқарды.

Осы ретте жиналысқа қатысушыларға Төтенше жағдайлар министрлігі  Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Балғабаев Жанмұрат Жеңісұлын таныстырды. Бұған дейін ол Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша  департаментінің басшысы болған.

Одан соң Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Күлшімбаев Ибрагим Дәукесұлы Департаменттегі «Азаматтық қорғау органдары ның музейіндегі» жәдігерлерді тамашалады.

Мұнан соң №7 өрт сөндіру бөлімінің, Жедел құтқару жасағының құтқару стансасының, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмыстарымен танысты.

 

Қызылорда облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы