
Бүгін, 18 наурызда еліміздің Тәуелсіздігіне 30 толуына орай және «Игі істер күнін» атап өтуге байланысты, «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясында Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Қуанар Қадырбайұлы Баймурзин «Батыл жүрек» номинациясына ие болып, Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алғыс хатымен марапатталды.
Еске сала кететін болсақ, 2019 жылғы 15 ақпанда сағат 15.59-да Есет Көтібарұлы көшесіндегі №119 үйге қарама-қарсы бетте қызмет атқарудан бос уақытта жеке автокөлікпен келе жатып, Қуанар Баймурзин жеке үйдің орталық кіреберісінен шыққан қалың түтінді көріп, «101» желісіне көргені туралы дереу хабарлады. Үйдің терезесіне жүгіріп барған ол өз бетімен шығуға тырысып жатқан егде әйел адамды көреді. Әйел адам кіреберістің өртенуіне байланысты шыға алмай тұрған болатын.
Қатты түтінге және арнайы киім-кешектің жоқтығына қарамастан, Қуанар терезені қолмен ұрып, үйге кіріп, батареяда ілулі тұрған орамалды алып, әйел адамды орамалмен орап, оны түтін басқан үйден терезе арқылы таза ауаға шығарды. Одан кейін әйел адамды өз машинасына отырғызып, медицина қызметкерлері келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетті. Әйелдің жағдайы қанағаттанарлық екеніне көз жеткізіп, қауіп-қатерді болдырмау мақсатында үйдегі газ және электр беруді жедел түрде сөндірді. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келген бойда Қуанар Баймурзин жағдады баяндап, әріптестеріне көмек көрсету үшін оқиға орнында қалды.
Зардап шеккен 1955 жылы туған әйел адам дәрігерлік көмек көрсету үшін медициналық қызметке тапсырылды. Қуанар Баймурзиннің жедел шешім қабылдау, жоғары тактикалық дағдысы, белсенді және шешуші іс-әрекеттерінің арқасында адам өмірі құтқарылды.
Бұған дейін, Қуанар Қадырбайұлы Баймурзин ҚР ТЖМ алғыс хатымен және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, сондай-ақ ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Ақтөбе облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы