
Өңірді алдағы 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов және Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов ағымдағы жылдың 13 наурызында Саран және Шахтинск қалаларының су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралап шықты.
Аралау барысында реттеуіштердің шлюздері және Саран су қоймасының айналма арналарының жұмыс істеу қабілеттілігі тексерілді. Қар тазалау және су өткізу құбырлары мен каналдардың тазалау жұмыстары бағаланды. Саран қаласында дренаж науаларын монтаждау және жабық үлгідегі нөсер кәрізін жөндеу бойынша жүзеге асырылған іс-шаралар қаралды. 2020 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде 500 метр дренаждық лотоктарға монтаждау жүргізілді, «Саран-Қарағанды» жергілікті маңызы бар автожолының учаскесінде су өткізу құбыры орнатылды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 11,6 км-ден асатын су бұру арналарын тереңдету және тазарту жүргізілді.
Шахтинск қаласының аумағында «Саран – Шахан» автожолында су өткізу қабілеті ұлғайтылды.
Аралау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға қар шығару, су өткізу құбырларын тазарту, материалдық-техникалық құралдардың қажетті қорын дайындау және су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша халықпен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бойынша одан әрі жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Жалпы облыс бойынша су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары Республикалық жол картасы және облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында жүзеге асырылуда.
2015-2020 жылдар аралығында облыста барлығы 220 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, нығайтылды, 173 елді мекенде 76 км өзен арналарын жағалауды нығайту, түбін тереңдету, түзету және кеңейту орындалды.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі