Полковник Евгений Тимеев құрметті демалысқа шықты

Полковник Евгений Тимеев құрметті  демалысқа   шықты

2021 жылдың 10 наурызында ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтының басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы қосымша білім беру факультетінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Евгений Александрович Тимеевті  салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды.

Өрт сөндірушілер отбасында дүниеге келген Евгений Александрович 27 жылдан астам өмірін азаматтық қорғау органдарындағы қызметке арнады. Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығынан бастап Қазақстан Республикасы ТЖМ Көкшетау техникалық институтының қосымша білім беру факультетінің бастығына дейінгі даңқты еңбек жолынан өтіп, Институттың оқу орталықтарының жұмысын қалыптастырып, Институтта "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару ісі" жаңа мамандығын ашуға елеулі үлес қосты.   Бірнеше рет  өзі де төтенше жағдайларды жоюға және ірі табиғи өрттерді сөндіруге қатысып, азаматтық қорғау органдарының курсанттары мен жас қызметкерлеріне өмірлік тәжірибесін үйретті, білгенімен бөлісті.

Салтанатты шара барысында  Институт бастығы С.Шәріпханов Е.Тимеевке көп жылғы  еңбегі мен қызметіне адалдығы үшін шынайы ризашылығын білдіріп, ұжым атынан құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ, әріптестері осындай белсенді өмірлік ұстанымы бар еңбек ардагері алдағы уақытта да Институттың қоғамдық өміріне белсенді түрде  араласатынына  сенім білдірді.

Өз кезегінде полковник Е.Тимеев сүйікті ұжымына  бірлесіп жұмыс атқарған жылдары үшін алғыс айтты.

Евгений Александровичті  құрметті  демалысқа шығуымен құттықтап зор денсаулық, отбасына амандық, ойлаған жоспарларының жүзеге асырылуын, жаңа жетістіктер мен жеңістерге жетуін тілейміз.

 

ҚР ТЖМ КТИ  баспасөз қызметі