Көшкін қауіпті беткейлер тазаланды

Көшкін қауіпті беткейлер тазаланды

Шығыс Қазақстанда «Қазселденқорғау» ММ ШҚ филиалының мамандары «Өскемен-Серебрянск-Алтай» тасжолындағы 59-65 шақырымда, «Өскемен-Самар» 95-102 шақырым және «»Алтай-Путинцево» жолындағы 37 шақырымда профилактикалық көшкін түсіру жұмыстарын жүргізді.

«Құбылмалы ауа-райы мен қатты соққан желден автожолдардағы аталмыш көшкін қауіпті учаскелерде қар үрлеп тастаған еді. Өздігінен көшкін жүрудің алдын алу үшін 8 орыннан қар түсірдік. 6610 текше метр қар түсті. Біздің бақылаушы-мамандар күнделікті қар көшкіні жинақтауыштарға мониторинг жүргізеді. Арнайы қар өлшеуіш сырықтың көмегімен қардың көлемі мен оны лақтыру қажеттігін анықтайды. Көктем жақындап қалды, бұл көшкін қауіпті маусым, қар еріп және өз салмағымен беткейден сырғып кете барады. Сондықтан да азаматтарға көшкін туралы дауылдық ескертулерге құлақ түріп, тауға баруды шектегені дұрыс», - дейді Қазселденқорғау ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Облысымызда елдімекендер мен жолдарға қауіп төндіретін 336 көшкін қауіпті беткейдің бар екенін еске саламыз.

ШҚО ТЖД мамандары көшкін қауіпті уақыт – бұл қалың қар жауғаннан кейін, қатты аяздан кейін жылымықта, қатты соққан жел кезінде екендігін ескертеді. Көшкін қауіпті учаскеде көлікпен келе жатып – тоқтамаңыз.

Тұрғындар тауға жиналар алдында көшкін қаупі туралы дауылдық ескертудің бар-жоғын қарау қажет. Көшкін қауіпті ошақтардың жанында демалу үшін тоқтауға болмайды.

Төтенше жағдай кезінде 112-ге қоңырау соғыңыз.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі