Орталық коммуникациялар қызметінде «Су тасқыны кезеңіне дайындық» тақырыбында брифинг өтті

Орталық коммуникациялар қызметінде  «Су тасқыны кезеңіне дайындық» тақырыбында брифинг өтті

2021 жылғы 5 ақпанда Орталық коммуникациялар қызметінде «Су тасқыны кезеңіне дайындық» тақырыбында брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев сөз сөйледі.

Ибрагим Күлшімбаев көктемгі су тасқыны кезеңінде Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала берген болжамды деректері бойынша Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзен бассейндеріндегі ылғал мен еліміздегі жалпы қар қоры орташа көп жылдық деңгейден төмен.

Сонымен қатар, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында топырақтың қату тереңдігінің көрсеткіші өткен жылғыдан орташа есеппен 70 см артық.

Айта кетейік, көктемгі су тасқыны қаупі бар 905 елді мекен анықталды. Онда 600 мыңға жуық адам тұрады.

«Су тасқыны қаупінің алдын алу және оларды жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасы шеңберінде төрт жыл ішінде қорғаныс бөгеттерін салу, қорғаныс құрылыстарын жөндеу, жағалауды бекіту, су тасқыны қаупі бар өзендердің арналарын тереңдету және түзету бойынша 402 іс-шара орындалды.

Жол картасындағы іс-шараларды орындау 315 елді мекенде су басу қаупін толығымен жоюға және 314 елді мекенда азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, ауа-райына байланысты 276 елді мекенді су басу қаупі сақталуда.

«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы» бекітілді.

Биылғы жылы еліміз бойынша әкімдіктер төтенше резервтер мен шұғыл шығындарға арналған резервтерге 36,6 млрд.теңге бөлді.

180 мың тонна жанар-жағар май, 142 мың тонна инертті материал, 700 мың қап және жарылғыш зат дайындалды. Қажет болған жағдайда зардап шеккен адамдарды уақытша орналастыру үшін 3 мыңнан астам пункт анықталды, оған 1 млн. адамды орналастыруға мүмкіндік бар.

10 облыста 60 аса ірі су қоймасына (Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қостанай, БҚО, СҚО, ШҚО және Түркістан облыстары) апта сайын мониторинг жүргізілуде.

Биыл наурыз айында «Көктем-2021» республикалық оқу-жаттығуы өткізіледі.

Оның басқару штабы Павлодар қаласында. Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері қар шығару, өзен арналары мен каналдарды тазалау бойынша алдын ала практикалық іс-шаралар кешенін орындайтын болады.

Елімізде шешуді қажет етіп тұрған бірқатар мәслелер бар. Атап айтқанда  елді мекендерден қарды шығару, гидротехникалық құрылыстардың суды қабылдауға және апатсыз өткізуге дайындығы. Сондай-ақ 344 ғимарат жөндеуді қажет етеді.

Жалпы ТЖМ күштері мен құралдары көктем мезгіліндегі төтенше жағдайларға дайын.

Су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне ден қою үшін авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды. Бұл 10 мыңнан астам қызметкер және 1800 бірлік техника. Халықты құлақтандыру мәселелері де пысықталды.

Алайда, азаматтарға су тасқынына дайындық кезеңінде алдын ала шаралар қабылдау қажет:

- ТЖД және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің ұсынымдарын сақтаңыздар;

- аула аумағындағы қарды тазалау жұмыстарын уақтылы жүргізіңіздер;

- үйлерге жақын орналасқан арықтар мен су өткізу құбырларын ластамаңыздар, оларды уақтылы тазалаңыздар;

- үй маңындағы аумақты үйіп бекіту үшін инертті материал мен қапты дайындаңыздар;

- жергілікті атқарушы органдардан эвакуациялау пункттерінің алдын ала белгіленген орындарын және эвакуациялау бағытын нақтылаңыздар;

- балаларды су айдындарына, әсіресе сең жүру кезінде қадағалаусыз жібермеңіздер, оларға су айдындарындағы мұздың жібуі кезінде, тік және шайылған жағалауларға бару қаупті екенін ескертіңіздер.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі