2020 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне жұмыс сапарымен келді.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа департаменттің жаңа бастығын таныстырды, сондай-ақ бейнеконференциялық байланыс арқылы ТЖ департаментінің жеке құрамына таныстырды.
Қала әкімімен кездесу барысында Мереке Пішембаев қала әкімдігі тарапынан ТЖМ аумақтық бөлімшелеріне қажетті барлық заманауи техника мен жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ мегаполистің Алатау және Наурызбай аудандарындағы 2 өрт сөндіру депосының құрылысына қолдау көрсетілгені туралы айтып өтті.
Вице-министр жұмыс сапары барысында сел қаупін автоматтандырылған онлайн режимінде бақылау, түтінді және қаладағы өртті анықтау үшін бейнебақылау камераларына қол жеткізу сияқты бірқатар инновациялық цифрлық жобалар енгізілген Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіндегі дағдарыс залында болды.
Алматы қаласы ТЖД бастығы болып Руслан Әмірзадаұлы Қасыбаев тағайындалды. Бұған дейін Руслан Әмірзадаұлы Алматы қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесінің бастығы қызметін атқарған. Азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2000 жылы бастаған, үйленген, бес бала тәрбиелеп отыр.
Вице-министр Төтенше жағдайлар департаменті бастығының алдына табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың санын азайту туралы нақты міндеттер қойды.
Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі