РЖҚЖ құтқарушылары Іле Алатауы тауында ер адамды құтқарды

РЖҚЖ құтқарушылары  Іле Алатауы тауында ер адамды құтқарды

Шымбұлақ тау-шаңғы кешені Алматы қаласының  туристері мен  қала тұрғындарының сүйікті орны болып табылады. Халық арасында жүргізіліп жатқан ақпараттық-профилактикалық жұмыстарға қарамастан, көптеген азаматтар таудағы жүріс – тұрыс  қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды.

Осылайша, 2020 жылдың 9 желтоқсанында түнгі сағат 00:30-да ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне Шымбұлақ ТШК Медеу ауданында 3000 астам метр биіктікте, Чимбулачка өзенінің бойында 1955 жылы туған ер адам адасып кетті деген хабарлама келіп түсті. Ер адам «Малая кругосветка»  бағыты бойынша жүрген. Алайда, жауған қардың биіктігі 1 метр және тасты жолдан өту қиын болғандықтан, ол  жолдан шығып кеткен. Жолда өздігінен жүре алмай, тоңып, әлсіреп қалған. Осы сәтте адасқан ер адамға  құтқарушылардың көмегі қажет болды.

Оқиға орнына шұғыл түрде 6 құтқарушы, соның ішінде кинологиялық есебі бар Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы жолға шықты. Құтқару жұмысына бір бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

РЖҚЖ жедел тобы іздеу жұмыстарын бастады. Құтқарушы топ қар басқан, шалғай  ойлы-қырлы жерлерден өтіп, қоңырау шалған сәттен бастап бір сағат ішінде қатты гипотермия белгілері бар зардап шеккен адамды  тапты. Оған алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті.

Қатты тоңып қалған  ер адамға  құтқарушылар ыстық шай, жылы киім берді. Зардап шегушіге шұғыл көмек көрсетіп, оны қауіпсіз жерге жеткізді. Құтқарушылардың жедел жұмысының арқасында ер адамның жағдайы қанағаттанарлық жағдайда.

 

 

ҚР ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметі