Халықаралық волонтерлер күніне орай өткізілген кездесу

Халықаралық волонтерлер күніне орай өткізілген кездесу

ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі.

5 желтоқсанда халықаралық волонтер күніне орай, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде «Қызыл Ай» қоғамы қоғамдық бірлестігі, «Біз біргеміз» волонтерлік жобасының волонтерлері, «Ынтымақ» үкіметтік емес ұйымының өкілдерімен кездесу өтті.

Департамент бастығы Омар Құмарұлы Бержанов құттықтау сөз сөйлеп,  «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет», - деп атап өтті.

Айта кету керек, Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті «ҚызылАй» қоғам қоғамдық бірлестігінің, «Біз біргеміз» волонтерлік жобасының, «Ынтымақ» үкіметтік емес ұйымының волонтерлерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауда.

Жергілікті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі, мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерімен ақпараттандыру бағытында жүргізілетін рейдтік іс-шаралар кезінде волонтерлер департамент қызметкерлерімен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, парақшаларды таратып, сапалы жұмыс атқаруда.

«Сіздермен бірге тығыз байланыста халық игілігі, халық қауіпсіздігі үшін қызмет атқарсақ, үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін. Қауіпсіздік қағидалары бойынша профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде  көрсеткен қолдауларыңызға рахмет. Кез-келген төтенше жағдайда бірігіп әрекет етсек, абыройлы іс атқарамыз. Еңбектеріңізге табыс тілеймін», - деп Омар Құмарұлы мерекемен құттықтап, қайырымды іс атқарып жүрген волонтер жастарға алғысын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

 

Атырау облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы