ТЖМ автокөлікті қысқа қалай дайындау керектігін еске салады

ТЖМ автокөлікті қысқа қалай дайындау керектігін еске салады

  Күн суыта бастаған кезде жүргізушілер автокөлікті қысқы кезеңге дайындауға ерекше назар аударып, жол жүру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет. Қар жаууы, көктайғақ, боран және көріну қашықтығының күрт төмендеуі жолдағы жағдайды едәуір қиындатуы мүмкін.

  Жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын тексеру ұсынылады. Дауылды ескерту жарияланып, жол қозғалысына шектеулер енгізілген жағдайда сапарды кейінге қалдырып, қауіпсіз жерде қалған жөн. Жолдардың жабылуы мен қозғалысқа қойылған шектеулер туралы ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын да қадағалау қажет. Жоспарланған істі орындау үшін өз өміріңізді қатерге тігудің қажеті жоқ.

  Ауа райы жолға шығуға мүмкіндік берсе, автокөліктің техникалық жағдайын тексеру қажет. Сапар алдында жақындарыңызға жүретін бағытыңыз бен межелі жерге шамамен қай уақытта жететініңізді хабарлаңыз. Әсіресе алыс жолға шығатын болсаңыз, мүмкіндігінше жанармай қорын толықтырып алыңыз.

  Қыс мезгілінде күтпеген жағдайларға дайын болу үшін автокөлікте қажетті заттар мен жабдықтардың болғаны маңызды. Жүксалғышта мына заттарды ұстау ұсынылады: қосымша жанармай қоры, қосалқы батареялары бар қолшам, сүйреткіш арқан, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, телефонға арналған қуаттағыш немесе сыртқы аккумулятор, жылы киім, ауызсу, азық-түлік және шағын күрек.

  Жолда басқа да төтенше жағдай туындаса, мүмкіндігінше қауіпсіз жерге тоқтап, авариялық жарық сигналын қосыңыз және жол қозғалысы қағидаларына сәйкес көлікті белгілеңіз. Қажет болмаса, көлікті тастап кетпеңіз. Оқиға туралы 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметтерге хабарлаңыз.

  ТЖМ жүргізушілерді автокөлікті қысқы маусымға жауапкершілікпен дайындауға, ауа райы жағдайын ескеруге және өз өмірі мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырады.