
2020 жылдың 1 желтоқсанында сағат 01.34-те Сырдария ауданы, «Қызылорда-Құмкөл» тас жолының 108 шақырымында «Бектас-Қоныс» кен орнында жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханада 1200 шаршы метр аумақта өрт оқиғасы тіркелді. Жақын жердегі өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық 149 шақырым. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Жатақхананың жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Аумақта 100 контейнер орналасқан, оның 48-і өртенді.
Өрт сағат 06.40-та толық сөндірілді.
Оқиға орнында 3 адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша олар 1967, 1985, 1970 жылы туған жұмысшылар. Онда барлығы 30 жұмысшы тұрған. Оның 27-сі өрттен 19 шақырым қашықтықта орналасқан асханаға орналастырылды.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен 3 техникасы, «ПожМонтажҚұрылыс» ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 9 жұмысшысы мен 2 техникасы, ПетроҚазақстанҚұмкөлРесурсы» ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 3 қызметкері мен 1 техникасы шықты.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі