
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша еліміздің алты өңірде дауылды ескерту жарияланды.
30 қарашада Маңғыстау облысында шығыстан жел соғады, күші кей жерлерде секундына 15-20 метр болуы ықтимал. Актау қ: 30 қарашада түнде шығыстан жел соғады, екпіні секундына 15-18 метр болуы ықтимал.
30 қарашада Атырау облысының кей жерлерінде оңтүстік-шығыстан екпіні 15-20 метр жел соғады.
30 қарашада Ақмола облысында кей жерлерде тұман, жаяу бұрқасын күтіледі.
30 қарашада Түркістан облысының кей жерлерінде тұман болады, солтүстік-шығыстан екпіні секундына 15-20 метр жел соғады.
30 қарашада Қызылорда облысының кей жерлерінде тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні таңертең және күндіз кей жерлерде секундына 15-20 метр болуы ықтимал.
29-30 қарашада Жамбыл облысында кей жерлерде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні кей жерлерде секундына 15-20 метр болуы ықтимал. Тараз қаласында: 30 қарашада кей уақытта тұман түседі.
Азаматтарды ауа-райының өзгерістерін бақылауға шақырамыз. Дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар.
Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын, ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн.
Егер қатты боран, бұрқасын болса, жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал.
Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес береміз.
Төменде келтірілген қарапайым ұсынымдарды орындасаңыз, боран болған кезде және бораннан кейін аман қалуға көп септігін тигізеді.
Қыста жолға шығар алдында:
1.Мұқият ауа райы болжамын зерделеңіз;
2.Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. Ақпаратты «Қазавтожол» ҰК сайтында толығымен жабық учаскелердің картасын көруге болады. Не болмаса бірыңғай телефон нөмірі 1403 немесе құтқару қызметінің «112» телефон нөмірі, сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады.
«112» қызметінен ресми дауылды ескерту алған жағдайда елді мекендерден және жолға шығудан бас тарта тұру қажет.
Шұғыл қызметтер авттомобильдерді лектік ілесіп жүруге шешім қабылдаған жағдайда:
- жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз;
- ілесіп жүретін шұғыл қызмет белгілеген жылдамдық режимін сақтаңыз;
- өткізу пунктінен шыққан автомобильдің артынан ілесіңіз және оны басып озбаңыз;
- алдында келе жатқан автомобильдің арасындағы қашықтықты сақтаңыз;
- алағы автомобильдерді басып озуға болмайды;
- айналаңдағы қозғалысқа үлкен мән беріңіз.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі