Суреттер сөйлейді

Суреттер сөйлейді

ҚР ТЖМ  Көкшетау техникалық институтында  «Өмірде ерлікке әрқашан орын бар» атауымен   1 күнге арналған жылжымалы фотокөрме өтті. Көкшетау қаласының мемлекеттік архиві арнайы ұйымдастырған шара құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дәрігерлер мен құтқарушыларға арналған.  Әлемді сарсаңға салған індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген олар - бүгінгі күннің батырлары.

Фотосуреттерді мекеме қызметкерлері жан-жақтан жинаған. Көрмеге  қойылған әр суреттен пандемия уақытында  карантин мен төтенше жағдай кезіндегі  мамандандырылған қызмет иелерінің сол кездегі жағдайын, көңіл толқынысын аңғаруға болады. Олардың  қатарында  сәуір айынан бастап қаланы дезинфекциялап, провизорлық ауруханаларға оттегі баллондарын жеткізіп,  қауіпті індетпен күресуге өз үлесін қосқан Көкшетау техникалық институтының профессор-оқытушылары мен қызметкерлері  де  бар.  Өйткені, оқу орнының  жеке құрамы   қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығына бей-жай қарамауды өздерінің азаматтық міндеті деп біледі.  

Иә. Көрмеге арқау болған әр сурет кейіпкері қиындықты тек ауызбіршілік арқылы жеңе алатынымызға дәлел. Әр тарихи  дерекпен жекелей танысқан курсанттардың айтуынша,  адам  өміріне  қауіп  төнгенде оған араша түсу -   болашақ құтқарушылардың айнымас қызметі. Олардың азаматтық қорғау саласын таңдау себебі де сол. Шара соңында көрме  қатысушылары  ұйымдастырушыларға  алғысын  жеткізді.  

Айта кетейік, мұндай көрме облыстағы өзге де мемлекеттік мекемелерде қойылды.

 

                   ҚР ТЖМ КТИ   баспасөз   қызметі