Қарағандылық өрт сөндіруші жанып жатқан үйден үш адамды құтқарды

Қарағандылық өрт сөндіруші жанып жатқан үйден  үш адамды құтқарды

28 жастағы қарағандылық өрт сөндіруші қызметтен тыс уақытта өз өмірін қатерге тігіп, үш адамды оттан құтқарды.

Өрт  6 қараша күні Октябрь ауданында орын алған.

Бұл күні №12 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Дамир Оразбеков Гвардейская көшесінде тұратын әпкесінің үйіне бара жатқан болатын.

Көшеде келе жатып, көрші үйден жүгіріп шыққан әйелдің "Көмектесіңіз! Өртеніп жатырмыз!» деп көмекке шақырғанын көреді.  Сол сәтте үйдің терезелері мен есіктерінен шыққан қою қара түтінді байқайды.

Үй иесінен іште екі бала бар екенін біліп,  Дамир көп ойланбастан дереу үйге кіріп, балаларды іздей бастайды.

Осы уақытта әйел де немерелерін құтқару үшін үйге кіріп кетеді, бірақ 4 бөлмелі үйдің барлық бөлмелері қалың түтінге оранғандықтан, өздігінен шыға алмай қалады. Көмек сұраған дауысты естіген Дамир түпкірдегі жатын бөлмесінен 12 және 14 жастағы 2 баланы, содан кейін олардың әжесін де тауып, сыртқа қарай бағыт алады.

"Қорықпаңыздар! Маған еріңіздер, мен сіздерді алып шығамын. Бәрі жақсы болады", - деп адамдарды сабырға шақырып, Дамир оларды қалың түтінге оранған үйден қауіпсіз жерге шығарды.Көп ұзамастан электр қуатын қалқаннан ажыратып, қолда бар құралдардың көмегімен өртті сөндіруге кіріседі.

Азаматтық қорғау сержанты Д.Т. Оразбековтің кәсіби біліктілігінің арқасында үш адам құтқарылып, өрт дер кезінде сөндірілді.

Осы оқиғадан кейін өрт шыққан үйдің иесі өрт сөндіру қызметіне хабарласып, алғысын білдірді. Кейінірек алғыс хатын да жолдады. Өз хатында Тамара Андреевна азаматтық қорғау қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді:

"6 қарашада мен әдеттегідей үйде пеш жағуды бастадым. Бірақ тұтану сұйықтығы төгіліп, өрт шықты. Мен  үрейлі күйде отты сөндіре бастадым, бірақ сөндіру қиынға соқты, от төбеге жайылды. Осыдан кейін мен көшеге шығып, көмек сұрай бастадым. Осы уақытта біздің үйдің жанынан өтіп бара жатқан Дамир ойланбастан қоршаудан секіріп, үйге жүгіре жөнелді.

 Кез келген уақытта көмекке келуге дайын қызметкерлерді тәрбиелеген өртке қарсы қызметтің қызметкері Дамир Оразбеков пен оның басшылығына алғысымды білдіргім келеді" -деп хатын аяқтады Тамара Андреевна.

 

 

Қарағанды облысы ТЖД

баспасөз қызметі