Қостанай облысында аудандық аурухананың шатыры жанды

Қостанай облысында  аудандық аурухананың шатыры жанды

9 қарашада сағат 18.28-де Қостанай облысының өртке қарсы қызмет пультіне  Федоров аудандық аурухана ғимаратының шатыры жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына төрт минуттан кейін 18:32-де келді. Өрт сөндірушілер келген кезде қызыл жалын 300 шаршы метр алаңда шатырлы үй-жай мен лифт шахтасын шарпып үлгерген болатын . Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, аурухана ғимаратында болған 50 адам шұғыл түрде эвакуацияланды. Жансақтау бөлімінен 4 науқас құтқарылды.

Суды үздіксіз беру үшін аурухана аумағында орналасқан өрт гидранты және су қоймасы пайдаланылуда.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өрт сағат 21.34-те оқшауланды, сағат 00.10-да сөндірілді.

Өрттің шығу себебі анықталуда.

Өртті сөндіруге   Қостанай облысы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының, аудандық полиция бөлімінің, «Су құрылыс» МКК күштері мен құралдарынан 90 қызметкер және 18 бірлік техника жұмылдырылды.

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі