Қазақстанның ТЖМ авиациясы жүйесінде аспанды өмір жолына айналдырған мамандар ерекше орын алады. Солардың бірі Ми-8 тікұшағының екінші пилоты Болат Мұқышев. Ол «Қазавиақұтқару» АҚ құрамында 15 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Болат Мұқышев 1964 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Бала кезінен аспан әлеміне қызығып, ұшқыш болуды армандаған. Әсіресе әскери ұшқыш Иван Кожедубтың бейнесі көрсетілген еңбек бала арманына қанат бітіріп, авиация саласына деген құштарлығын арттырды.
Еңбек жолында әртүрлі әуе кемелерін басқарды. 2011 жылдан бастап «Қазавиақұтқару» АҚ құрамында Ми-8 тікұшағының екінші пилоты қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына қатысып, табиғи өрттерді сөндіру, әуеден су төгу, санитарлық рейстерді орындау және зардап шеккендерді эвакуациялау жұмыстарын жүзеге асырды.
Кәсіби қызметіндегі маңызды кезеңдердің бірі 2021 жылы Түркия Республикасында атқарған жұмысы. Ол халықаралық топ құрамында ірі тау және орман өрттерін сөндіруге қатысып, гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысты.
«Нағыз пилот болу үшін кәсіби біліктілікпен қатар жоғары жауапкершілік, өз ісіне адалдық және аспанға деген сүйіспеншілік қажет» - деп Болат Мұқышев атап өтті.
Қазіргі уақытта ол авиациялық-құтқару міндеттерін орындауды жалғастырып, жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.