Қостанай облысында «Қыс-2020» республикалық командалық - штабтық жаттығу өтуде

Қостанай облысында «Қыс-2020» республикалық командалық - штабтық жаттығу өтуде

Ағымдағы жылғы 5 қарашада Қазақстанда «Қыс-2020» республикалық командалық - штабтық жаттығу басталды, оның шеңберінде Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті аумақтық тактикалық - арнайы оқу – жаттығу жұмыстарын өткізді.

ТАО-ның негізгі міндеттерінің бірі азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі ТЖ-ға ден қоюға дайындығын тексеру болып табылады.

Таңертең департаменттің дағдарыс орталығында РКШЖ басшылығының штабы ұйымдастырылды. Жедел штабтың жұмысы Қазақстан Республикасы ТЖМ республикалық жедел штабымен бейнеконференциялық байланыс бойынша онлайн режимде өтуде.

Оқу-жаттығудың ұйымдастырылған дерегі бойынша Рудный қ. 4 қабатты тұрғын үй сусыз және жылусыз қалды. Үй тұрғындары электр қуатын тұтыну мөлшерін ұлғайтқандықтан, электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып, пәтерлердің бірі өртке оранды. Электр қалқандарының тұтануы салдарынан үй қуатсыздандырылды. Өрт салдарынан адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді.

Практикалық іс-шараның мақсатына қол жеткізу үшін өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері үйдегі өртті жою, тұрғындарды жылжымалы жылыту пункттеріне эвакуациялау және орналастыру бойынша дағдыларды пысықтады.

Тұрғын үйге электр және жылу беруді қалпына келтіру кезінде қаланың коммуналдық қызметтері газбен жабдықтау мен электр энергиясын уақытша өшірді, электр желілерін ауыстырып, су беруді тоқтатты. Авариялық және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге жедел ден қоюға дайындығын көрсетті.
Оқу-жаттығуға қатысушылар қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға күштер мен құралдардың іс-қимылдарының кәсібилігі мен үйлесімділігін көрсетті. ТАО-да іс-әрекеттерді теориялық және практикалық пысықтау азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының кәсіби дағдыларын арттыруға мүмкіндік берді.

Айта кету керек, «Қыс–2020» РКШЖ аясындағы барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерді сақтай отырып өтуде.



Қостанай облысының ТЖД

Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы