«Наурызнама» онкүндігі аясында Қазақстан ТЖМ бөлімшелері қазақ халқының көне әрі маңызы зор дәстүрлерінің бірі — «Көрісу күні» (Амал мерекесіне) арналған мерекелік іс-шаралар өткізді. Көктемнің келуін, жаңару мен адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынастың нығаюын білдіретін бұл мереке жылы әрі достық атмосферада өтті.
Мерекелік іс-шара Азаматтық қорғау академиясында өтті. Оған қызметкерлер, курсанттар, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин музейінің өкілдері қатысты. Іс-шара аясында ұлттық дастархан жайылып, қонақтарға дәстүрлі наурыз көже ұсынылды. Ұлттық әндер мен күйлер орындалған концерттік бағдарлама мерекелік шараға ерекше атмосфера сыйлады.
Елорда құтқарушылары да бұл күнді атап өтіп, ұлттық дәстүрлерді сақтау мен ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Әріптестер бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ұжымдағы бірлік, өзара құрмет пен достық қолдаудың мәнін айрықша атап өтті.
Алматы қаласы ТЖД-де мереке құрметіне қызмет ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жетісу ауданы №9 Оқушылар үйінің тәрбиеленушілерінің шығармашылық өнер көрсетуі ерекше атмосфера сыйлады. Жас өнерпаздар домбырада дәстүрлі күйлер орындап, ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраға арналған концерттік бағдарламаны ұсынды.
Мазмұнды іс-шара Қызылорда облысы ТЖ департаментінде де өтті. Қызметкерлер бір-бірін жылы қарсы алып, әріптестерінің денсаулығы мен амандығын сұрасып, шынайы тілектерін білдірді. Департаменттің аға буын өкілдері бата беріп, ұжымға амандық, елге тыныштық пен тұрақтылық, ал қызметке табыс тіледі.
Шымкент қаласы ТЖД-де мерекелік іс-шаралар өтті. Дәстүр бойынша жас қызметкерлер аға буын өкілдерін қарсы алып, қол алысып, жылы құшақтасты. Іс-шара қатысушылары бір-біріне бұрынғы реніштерді кешіріп, амандық, денсаулық пен игілік тіледі.
Көрісу күні адамдар арасындағы қарым-қатынастың жаңаруын, достық, өзара түсіністік пен келісімді нығайтуды білдіреді. Мұндай шаралар халықтың рухани мұрасын сақтауға, ұжымдардың бірлігін арттыруға және ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарға құрметтің маңыздылығын еске салуға ықпал етеді.