Қызылордада жоғалған аңшы табылды

Қызылордада жоғалған аңшы табылды

Бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Н.Ибрагимов «Аңшылыққа шығып жоғалып кеткен Ақтөбе қаласының  тұрғынын іздестіру-құтқару операциясы туралы» тақырыбында сұхбат берді.

Брифинг барысында БАҚ өкілдеріне өрт сөндіру қызметінің бастығы 2020 жылғы 27 қазанда үш аңшы Арал ауданың Қаратерең елді мекенінде Арал теңізіне қарай аң аулауға барғанын және бірнеше сағаттан кейін 1974 жылғы туған бір аңшының жоғалып кеткенін айтты. Олар аңшыны өз күштерімен іздеген, алайда іздеу келесі күні де нәтиже бермеген. Сондықтан, 28 қазанда сағат 22.29-да аудандық ішкі істер бөліміне адамның жоғалғаны туралы хабарлама берген.

Іздестіру-құтқару жұмыстары «Көкарал» шлюзінің платинасынан 30 шақырым қашықтықта ұйымдастырылды. Іздестіру жұмыстарына 8 полиция қызметкері, аудан әкімдігінің 5 өкілі және Қызылорда облысының Өрт сөндіру қызметі Жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушысы жұмылдырылды.

Батпақты жер іздестіру жұмыстарын қиындатқанына қарамастан, құтқарушылар теңіз маңын жаяу аралап, аңшыны күн батқанға дейін іздеді. Алайда, іздеу шаралары оң нәтиже бермеген соң, 30 қазан күні таңертеңнен бастап 4 құтқарушы мен 1 техникадан құрылған жедел-құтқару жасағының іздестіру тобы бірнеше аңшылар тобымен бірге жоғалған аңшыны іздеуді жалғастырды.

«Нәтижесінде сағат 09.45-те 8 шақырым қашықтықта «Арго» жол талғамайтын көлігімен жүрген аңшылар тобының бірі аңшыны тапты. Жоғалып кеткен Ақтөбе қаласының тұрғыны аңшыға құтқарушылар алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті, ыстық тамақпен тамақтандырды және Арал қаласына Аудандық полиция бөлінің қызметкерлеріне табыстады», - деді Н. Ибрагимов өз сөзінде.

 

Қызылорда облысы ТЖД

Өрт сөндіру және авариялық құтқару

жұмыстары қызметі