Павлодар облысында ерлік жасаған өңір тұрғындары марапатталды

Павлодар облысында ерлік жасаған өңір тұрғындары марапатталды

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай өңірдің құтқарушылары мен сала ардагерлерін құттықтады.

Әбілқайыр Сқақов аудандық және қалалық ТЖ бөлімдеріне, облыстық ТЖД Өрт сөндіру қызметіне арнайы техниканың кілтертін табыстады. Облыстық бюджеттен төрт «Нива», екі УАЗ және өрт сөндіру автоцистернасын сатып алу үшін қаражат бөлінді.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов өрт сөндірушілердің жанкешті жұмысы туралы айтып, құтқарушылардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін тиімді дамытудың кепілі болып табылатынын атап өтті.

«Қызметтік борышы бойынша қауіпті оқиғалардың эпицентрінде қызмет ете отырып, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар күн сайын төтенше жағдайларды жоюға қатысады, - деді Ернұр Өтегенов. - Жүздеген мың құтқарылған азаматтар сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің арақсында аман қалып отыр».

Облыстық ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов бейбіт күнде ерлік жасап, батылдығымен танылған өңір тұрғындарын марапаттады. Ол Аққулы ауылының тұрғыны Асылов Қайратқа «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін берді. Қайрат Асылов үш метрлік кәріз құдығына құлаған кішкентай баланы аман алып қалған еді. Бозшакөл ауылдық округінің әкімі Махмет Смағұлов «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі берілді. Ол өрт шыққан үйден сыйымдылығы 27 литр газ баллонын алып шыққан еді.

Іс-шараға қатысушылары Екібастұз қаласындағы өрт кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер Мосин Сергей мен Зинатуллин Рашидті бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шара соңында өңір басшысы мен ТЖД бастығы Павлодар облысының  өрт сөндіру күзеті тарихы мұражайын аралап көрді.

 

                                                Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі