Қызылорда облысы ТЖ департаментіне өрт сөндіру автокөлігі табыс етілді

Қызылорда облысы ТЖ департаментіне өрт сөндіру автокөлігі табыс етілді

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай құтқарушылар мен сала ардагерлерін құттықтады. Облыс әкімі алдымен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне келіп, заманауи құтқару жабдықтары мен техникалардың жағдайымен танысты, салтанатты шараға қатысты.

«Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті - адам өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Қиын да күрделі қызметтеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілеймін! Сіздерді Азаматтық қорғау органдарының мерейлі күнімен құттықтаймын!», - деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Мерекелік жиында Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері Қорғанбек Қайруллаев, Мұрат Мұсаев, Сұлтан Шынтаев, «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Чебакова, Азаматтық қорғау аға сержанты, Қазалы ауданы № 9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Оңталап Жолмаханов, Азаматтық қорғау старшинасы, Сырдария ауданы № 12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкері Мақсұт Мырзағалиев және Азаматтық қорғау прапорщигі, Жалағаш ауданы № 11 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Шыңғыс Тайшаев облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімі жергілікті бюджет есебінен алынған 2 өрт сөндіру автокөлігін №1 және №7 өрт сөндіру бөлімдеріне табыс етті.   

Шарада сөз алған Азаматтық қорғау органдарының ардагері Қорғанбек Қайруллаев пен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Ақмарал Сермағамбетова мемлекеттің қолдауы арқасында құтқару саласының әлеуеті едәуір өскендігін айтты.

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Бағдат Данилов та құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, «соңғы үш жылдың өзінде өңірдің өртке қарсы қызмет бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары 2 мыңнан аса апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, 200-ге жуық адамды аман алып қалғандығын, сондай-ақ, мыңнан аса өрт сөндірілгендігін» атап өтті.

Іс-шара соңында өрт сөндірушілер оқу мұнарасының төртінші қабатына шабуыл сатысымен көтеріліп, құтқару іс-қимылдарын көрсетті.

 

Қызылорда облысы ТЖД  

Баспасөз қызметі