
Өрт кез келген уақытта электр сымдарының ақауынан, ашық отты немесе тұрмыстық техниканы абайсыз пайдаланудан туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда ең бастысы сабыр сақтау және дұрыс әрекет ету. Есіңізде болсын: әрбір секунд өмірді құтқара алады.
Өрт шыққанда не істеу керек:
бірден 112 нөміріне қоңырау шалыңыз және нақты мекенжайды, қабатты, өрт шыққан орынды айтыңыз;
егер түтін көп болса, еңкейіп қозғалыңыз, аузыңыз бен мұрныңызды дымқыл мата арқылы жабыңыз;
лифтті пайдаланбаңыз, ол түтінге толып, тоқтап қалуы мүмкін;
есікті және терезені ашпаңыз, ауа оттың күшеюіне себеп болады;
есікті ашпас бұрын тұтқаны қолмен тексеріңіз, егер ол ыстық болса, арғы бетте от бар;
егер шығу мүмкін болмаса, есік саңылауларын дымқыл мата арқылы бітеп, терезе жанына барып көмек шақырыңыз;
заттарыңызды алуға қайтып кірмеңіз, өмір бәрінен қымбат;
алдымен балаларға, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесіңіз;
сыртқа шыққан соң есіктерді жабыңыз, бұл түтін мен оттың таралуын баяулатады.
Ең бастысы сабыр сақтаңыз. Сіздің қауіпсіздігіңіз дұрыс әрекет пен құтқару қызметін уақтылы шақыруға байланысты.