Альпинистер құтқару операциясына қатысқаны үшін марапатталды

Альпинистер құтқару операциясына қатысқаны үшін марапатталды

  Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде таудағы құтқару операциясына белсенді қатысқан альпинистерді марапаттау рәсімі өтті. Марапатты Түркістан облысы ТЖД бастығы Асқар Төлешев табыс етті.

  Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бұйрығына сәйкес «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен Қазақстан альпинизм федерациясының альпинистері: Дильмурат Арипбаев, Арман Забиров, Александр Косенко марапатталды.

  Сонымен қатар альпинист Шамиль Рафиков құтқару жұмыстарына қосқан үлесі үшін Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды.

  Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте «112» құтқару қызметіне 31 тамызда Шымкент қаласынан тауға аттанған 1996 және 1997 жылы туған екі жас жігіттің жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен болатын. Ақпарат түскеннен кейін іздеу-құтқару операциясы шұғыл түрде басталды.

  Іздеуге Шымкент қаласының альпинизм федерациясынан бес кәсіби альпинист жұмылдырылды. Жұмыстар Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жүргізілді. Жоғары кәсіпқойлық пен үйлесімді жұмыстың арқасында альпинистер теңіз деңгейінен 3120 метр биіктікке көтеріліп, тірі қалған бір турист пен қайтыс болған адамның денесін тапты. Осыдан кейін олар зардап шеккендерді жетуі қиын тау шатқалынан төменге  түсіруді ұйымдастырды.

  ТЖД басшылығы Қазақстан альпинизм федерациясына мамандарды даярлаудың жоғары деңгейі үшін алғысын білдіріп, төтенше жағдайларда адам өмірін құтқару жөніндегі бірлескен миссияның маңыздылығын атап өтті.