
Үкіметпен қызметін ауыстырған кезде көтерме жәрдемақыға, көліктің жолақысы және жеке мүлкін тасымалдағаны үшін шығындардың орнын толтыруға құқығы бар азаматтық қорғау органдары қызметкерлері лауазымдарының тізбесін бекуді көздейтін қаулы қабылданды.
Айта кету керек, 2025 жылғы 24 маусымында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкері бір елді мекеннен елу километрден асатын екінші елді мекенге көшуіне байланысты қызметі бойынша ауысқан кезде оған бюджет қаражаты есебінен қызметкердің өзіне екі айлық ақшалай қаражат және онымен бірге көшкен отбасының әрбір мүшесіне оның айлық ақшалай қаражатының жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді.
Сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының қызметкері қызметі бойынша ауысқан кезде оған бюджет қаражаты есебінен өз мүлкін он тоннаға дейін тасымалдауға, сондай-ақ онымен бірге көшкен отбасы мүшелерінің жол жүруін қоса алғанда, теміржол, су, автомобиль көлігімен жол жүруге жұмсалған шығындары өтеледі.
Осы актіні қабылдаудың мақсаты азаматтық қорғау іс-шараларын сапалы іске асыру үшін басшы құрам қатарындағы қызметкерді басқа өңірлерде пайдалану болып табылады.