
30 жылдық даму кезеңінде Қазақстанның ТЖМ өз позицияларын, құрылымын және кәсіби дәстүрлерін нығайтты. Ведомство тарихы оның қызметкерлерінің ерліктерімен тығыз байланысты, олар күн сайын басқалардың өмірін құтқару жолында өз өмірін қатерге тігеді. Бүгінгі таңда жас құтқарушылар бұл дәстүрлерді жалғастырып, қызмет рухын және міндетке адалдықты жүзеге асырып келеді. Біз өмірін адамдарды құтқаруға арнаған ТЖМ құрдастары туралы әңгімені жалғастырамыз.
Осындай батырлардың бірі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Думан Исабаев. Ол жүйедегі өзінің қызмет жолын 2016 жылы бастады. Сол уақыттан бері таңдап алған бағытынан таймай, өзін құтқарушы ісіне арнауда. Думан өз ісіне деген кәсібилігімен, батылдығымен және шешімділігімен ерекшеленеді. Қызмет жылдары ішінде Думан бірнеше рет өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару операцияларына қатысып, батылдық пен ерлік танытты. Ол қиын және қысылтаяң жағдайларда шеберлікпен жұмыс істеп, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау арқылы көптеген адамдардың өмірін құтқарды.
«Әрбір шақырту — бұл құтқару мүмкіндігі. Біз өз міндетімізге адал болып, әрқашан дайын болуымыз керек, себебі біздің ісіміз адамдардың өміріне тікелей ықпал етеді», — дейді Думан Исабаев.
Тағы бір батырымыз Батыс Қазақстан облысы ТЖД Орал қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Қуаныш Тілешов. Ол азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2015 жылы бастады. Өзін жауапты, табанды және батыл маман ретінде танытты. Қуаныш тек өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сондай-ақ шығармашыл тұлға. Ол құтқару операцияларының кадрларындағы батырлықтың мәнін көрсетіп, әрбір құтқару сәтінде бірге жүретін эмоцияларды, қорқыныш пен үмітті, жауапкершілікті көрерменге жеткізеді.
«Құтқарушы болу — бұл жүрек қалауы. Фотосуреттер мен видеолар арқылы мен құтқарушылардың ерлігін, әрбір құтқарылған адамның жүрегіндегі сезімдер мен құтқару сәтіндегі шынайы эмоцияларды көрсетуге тырысамын», — деп Қуаныш Тілешов бөлісті.
Бүгінгі таңда осы жас құтқарушылар ТЖМ дәстүрлерін жалғастырып, өз жұмысын кәсіби және адал атқаруда. Олардың еңбегі — біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығының кепілі.