
Елімізде «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бүгін Тарбағатай ауданында ерікті өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Ол Қарасу ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылында орналасқан және бес шалғайдағы елді мекеннің, атап айтқанда, Қарасу, Ақмектеп, Қарой, Шолақорда, Жолқұрылыс ауылдарының 1500-ден астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ерікті өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы ТЖД басшылығы мен құтқарушылары, аудан әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруы үшін бекетте қолайлы жағдайлар жасалған. Тұрмыстық бөлмелер, жеке құрамның демалыс бөлмелері және қажетті инфрақұрылым жабдықталған. Бекет арнайы техникамен, жауынгерлік киім-кешек жиынтықтарымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Шалғай елді мекендерде осындай бекеттердің ашылуы төтенше жағдайлар орын алған кезде оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартуға, өрт сөндіру жұмыстарын жеделдетуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында шамамен 1000 тұрғыны бар үш шалғай елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады. Биыл бекет жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жаңғыртудан өтті.
Аудан үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов, құтқарушылар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жедел әрекет ету үшін бөлімшеге ТЖМ тарапынан өрт сөндіру техникасы, жабдықтар, арнайы киім-кешек және байланыс құралдары берілді.
Бекеттің жеке құрамы қажетті оқу-жаттығудан өтіп, тәулік бойы кезекшілік атқаруға дайын.
«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыру шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға және азаматтардың өмірін қорғауға мүмкіндік береді.
Республика күні қарсаңында Ақмола облысының Қосшы қаласында заманауи өрт сөндіру-құтқару кешені ашылды. Жаңа нысан Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының 62 мыңға жуық тұрғынын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қатысты. Ведомство басшысы бөлімшенің төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығымен, өрт сөндіру бөлімінің жабдықталуымен, сондай-ақ қызметкерлердің қызмет атқару және тұру жағдайларымен танысты.
Жалпы ауданы 2,2 мың шаршы метрден асатын жаңа кешен жедел әрекет ету, оқу-жаттығу, әкімшілік және тұрмыстық аймақтары біріктірілген толыққанды өрт сөндіру-құтқару қалашығы болып табылады. Аумағы 1 гектар жерге төрт техникаға арналған өрт сөндіру депосы салынған. Сонымен қатар спорт залы, оқу-жаттығу мұнарасы, жүгіру жолағы мен футбол алаңы жабдықталған. Жеке құрамға заманауи қызметтік бөлмелер, асүйлер, душ бөлмелері, психологиялық жеңілдеу бөлмесі, бейнеаймақ және субұрқақтары бар абаттандырылған демалыс орындары қарастырылған. Мұнда Қосшы қаласының төтенше жағдайлар бөлімі де орналасады. Бөлімшенің штаттық саны - 78 қызметкер, сондай-ақ төрт бірлік техника бар. Жасалған инфрақұрылым өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, шақыртуларға тұрақты дайын болуына және кезекшіліктен кейін күш-қуатын қалпына келтіруіне мүмкіндік береді.
Нысанның ашылуының маңызы ерекше. Себебі құрылыс бастапқыда 2023 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда жұмыстардың тоқтатылуына байланысты нысан ұзаққа созылған құрылыс нысандарының қатарына енген. ТЖМ басшылығының жүйелі жұмысының нәтижесінде құрылыс қайта жанданып, толық аяқталды. Бүгінде министрлік азаматтық қорғау жүйесіндегі аяқталмаған нысандар мәселесін кезең-кезеңімен шешіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар іс жүзінде толық реттелді. Кешеннің пайдалануға берілуі қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтуға және қызметкерлерге лайықты жағдай жасауға бағытталған жұмыстың нақты нәтижесі болды.
Іс-шараның маңызды бөлігі қызметтік тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімі болды. Кешен аумағында бөлімше қызметкерлеріне арналған алты пәтерлі жеке тұрғын үй салынған. Мұрат Мұханов жаңа қоныс иелерін құттықтап, оларға пәтер кілттері мен естелік сыйлықтарды табыс етті. Салтанатты рәсім барысында құрылыстың аяқталуына үлес қосқан қызметкерлер мен азаматтар ведомстволық наградалармен және медальдармен марапатталды. Сонымен қатар министр қызмет ардагерлерінің үйіне барып, балалармен кездесіп, оларға сыйлықтар табыс етті. Іс-шара соңында ведомство басшысының қатысуымен өрт сөндіру-құтқару кешенінің аумағына ағаш отырғызылды. Жаңа кешеннің ашылуы азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Күн суыта бастаған кезде жүргізушілер автокөлікті қысқы кезеңге дайындауға ерекше назар аударып, жол жүру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет. Қар жаууы, көктайғақ, боран және көріну қашықтығының күрт төмендеуі жолдағы жағдайды едәуір қиындатуы мүмкін.
Жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын тексеру ұсынылады. Дауылды ескерту жарияланып, жол қозғалысына шектеулер енгізілген жағдайда сапарды кейінге қалдырып, қауіпсіз жерде қалған жөн. Жолдардың жабылуы мен қозғалысқа қойылған шектеулер туралы ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын да қадағалау қажет. Жоспарланған істі орындау үшін өз өміріңізді қатерге тігудің қажеті жоқ.
Ауа райы жолға шығуға мүмкіндік берсе, автокөліктің техникалық жағдайын тексеру қажет. Сапар алдында жақындарыңызға жүретін бағытыңыз бен межелі жерге шамамен қай уақытта жететініңізді хабарлаңыз. Әсіресе алыс жолға шығатын болсаңыз, мүмкіндігінше жанармай қорын толықтырып алыңыз.
Қыс мезгілінде күтпеген жағдайларға дайын болу үшін автокөлікте қажетті заттар мен жабдықтардың болғаны маңызды. Жүксалғышта мына заттарды ұстау ұсынылады: қосымша жанармай қоры, қосалқы батареялары бар қолшам, сүйреткіш арқан, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, телефонға арналған қуаттағыш немесе сыртқы аккумулятор, жылы киім, ауызсу, азық-түлік және шағын күрек.
Жолда басқа да төтенше жағдай туындаса, мүмкіндігінше қауіпсіз жерге тоқтап, авариялық жарық сигналын қосыңыз және жол қозғалысы қағидаларына сәйкес көлікті белгілеңіз. Қажет болмаса, көлікті тастап кетпеңіз. Оқиға туралы 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметтерге хабарлаңыз.
ТЖМ жүргізушілерді автокөлікті қысқы маусымға жауапкершілікпен дайындауға, ауа райы жағдайын ескеруге және өз өмірі мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырады.
Ағайынды Айдос пен Жандос Рымхановтар азаматтық қорғау органдарында 2023 жылдан бері қызмет етеді. Бірде, бала кезінде ағайындылар өрт сөндіру қызметінің мұражайына экскурсияда болды, содан кейін олар өрт сөндіруші болуға шешім қабылдады. Отбасында ешкім өрт сөндірушілермен тығыз байланыста болмаған. Өйткені, адамдар бұл мамандыққа жай ғана бармайды. Олардың таңдауына батылдық, ержүректілік және саналы шешім себеп болады.
Қазір ағайындылар 23 жаста. Олар Қарағанды политехникалық колледжінде «Құтқарушы» мамандығы бойынша білім алып, Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне аға өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасады. Ағайынды өрт сөндірушілер қызмет атқарған аз уақыт ішінде өздерін еңбекқор, жауапты және белсенді қызметкерлер ретінде көрсете білді.
Олардың сауатты жұмысының бір мысалы 2023 жылдың 29 тамызында Теміртау қаласында Республика даңғылының бойында болған өрт оқиғасы. Шақыру орнына жеткенде 5 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатында орналасқан пәтердің терезелерінен қатты түтін шығып жатқанын көреді.
Өрт сөндіру бөлімінің бастығының нұсқауымен Жандос пен Айдос Рымхановтар көршілес және жоғары орналасқан пәтерлерден адамдарды эвакуациялау және құтқару үшін жіберілді. Қатты түтін мен кіреберістегі жоғары температураға қарамастан, ағайынды өрт сөндірушілер құтқару қалпақтарын қолданып, 2 баланы, өрт сатысы арқылы тағы екі баланы 5-қабатта орналасқан пәтерден аман алып қалды. Содан кейін балаларды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Өрт сөндіруші - әрқашан өзекті болып қала беретін сұранысқа ие мамандық.
Рүстембек Кенганов 2018 жылдан бері ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы қызметін атқарып келеді. Оның еңбек тәжірибесі мол. Ол 30 жылдан астам уақытын медицина саласына арнаған.
1997 жылы Алматы мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған Рүстембек Мирзақұлұлы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияда терапевт дәрігер болып бастаған. 2004 жылдан бастап осы мекемеде дәрігерлік-еңбек сараптамасы бөлімінің сарапшы дәрігері қызметін атқарды. 2008-2013 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталық аудандық ауруханасында терапевт дәрігер болып жұмыс істеп, кейін отбасылық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері қызметіне тағайындалды. 2013-2018 жылдары облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының кардиологиялық бригадасының дәрігері болып, адам өмірін сақтауға үлес қосты.
«Мен ТЖМ саласына адам өмірін құтқару секілді абыройлы іске бар күшім мен тәжірибемді арнау ниетімен келдім! Менің ұстанымым – медициналық көмекке мұқтаж адамдарға кез келген уақытта, кез келген жерде қол ұшын созу!» – дейді ол өз жұмысының мақсаты туралы сұраққа жауап бере отырып.
Апаттар медицинасы орталығы филиалының басшысы көмекке мұқтаж жандарға жедел қолдау көрсетуге әрдайым дайын, ұйымшыл ұжымның жұмысын шебер үйлестіреді. Өзінің кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында әріптестерінің құрметіне және азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қолдауына ие болды.
Жетісу облысы Ескелді ауданындағы Жалғызағаш ауылында 297-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Енді Жалғызағаш пен Биғаш ауылдарында тұратын 1 238 тұрғын өртке қарсы қорғаумен қамтылды.
Іс-шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов және ауыл тұрғындары қатысты.
Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен құрылды. Олар бөлімшені жабдықтау үшін мотопомпалар да ұсынды. Сонымен қатар ТЖМ жаңа өрт сөндіру бекетіне өрт сөндіру автоцистернасын берді. Бөлімше арнайы даярлықтан өткен жеке құраммен жасақталып, қажетті киім-кешекпен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Жаңа өрт сөндіру бекетінің ғимараты тәулік бойы қызмет атқаруға толық дайын. Мұнда өрт сөндіру техникасына арналған бокс, диспетчерлік пункт, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.
Салтанатты іс-шара аясында өрт сөндіру бекетін құруға және жабдықтауға елеулі үлес қосқан әкімдік өкілдері мен азаматтарға марапаттар табысталды. Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы төтенше жағдайларға ден қою жеделдігін арттырып, екі ауылдың тұрғындарын өрттен және басқа да қауіп-қатерлерден қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Абай облысының Абай ауданындағы Құндызды ауылында 296-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті Құндызды ауылының және оған іргелес далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бекет қызмет көрсететін аумақта 340 аула, 1 420 тұрғын және 64 шаруа қожалығы бар.
Өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін бекет қажетті техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жеке құраммен жасақталған. Өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауылдық елді мекендер мен далалық аумақтардың қауіпсіздігін арттыруға, өрттерге ден қою уақытын қысқартуға және тұрғындар мен шаруашылық нысандарын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Төтенше жағдайлар министрлігінде ұлттық мереке – Республика күнін мерекелеуге орай салтанатты жиналыс өтті.
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қызметкерлерге құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Республика күні мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болып табылатынын атап өтті.
Салтанатты шара аясында ТЖ министрлігінің қызметкерлері мемлекеттік наградалармен наградталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ерлігі, жанқиярлығы және мінсіз қызметі үшін құтқарушылар ордендермен және медальдармен наградталды.
Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі Айбын орденімен:
- ТЖМ Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс департаментінің бастығы Будрин Юрий Юрьевич;
- ТЖМ Анықтау басқармасының бастығы Зиядов Ерболат Аманкелдіұлы;
- ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Жүнісов Азамат Әсетұлы;
- ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қасыбаев Руслан Әмірзадаұлы;
- ТЖМ Жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Кенжегарин Асхат Аманжолұлы;
- Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мырзагелдиев Мәдияр Айдосұлы;
«Ерлігі үшін» медалімен:
- Түркістан облысы ТЖД Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арынов Шыңғыс Ержанұлы;
- Қарағанды облысы ТЖД Теміртау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 30 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бариакин Айбек Азаматұлы;
- Ақмола облысы ТЖД Қосшы қаласы Төтенше жағдайлар бөлімі № 35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Баязитов Қамат Қалымбекұлы;
- Алматы қаласы ТЖД Бостандық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы № 15 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Есенғалиев Дәурен Жақсылықұлы;
- Маңғыстау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы сүңгуір-құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Қабисалимов Бекзат Саматұлы;
- Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бас маманы Қайнар Қанат;
- Жетісу облысы ТЖД Панфилов ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі Жаркент қаласы № 11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Қайырбек Әділ;
- Батыс Қазақстан облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Қамидуллиев Айбар Хайдарұлы;
- Ұлытау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы сүңгуір-құтқару бөлімшесінің басшысы-құтқарушысы Катасонов Андрей Олегович;
- Абай облысы ТЖД Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Нұртазаев Елдос Нұрдәулетұлы;
- Қостанай облысы ТЖД Қостанай қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Тұрлыбеков Ринат Тобылұлы;
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен ТЖМ Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі арнайы құтқару жұмыстары ротасы жауынгерлік және дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушысы взвод сержанты Толымбеков Болат Қойшыбайұлы.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Әбішев Бауыржан Жұмағазыұлы наградталды.
Министр наградталғандарға жоғары кәсібилігі, табандылығы және өз ісіне адалдығы үшін алғыс айтып, оларға зор денсаулық, амандық және еліміздің игілігі үшін қызметте одан әрі табыс тіледі.
Павлодар облысы ТЖД қызметкері Ақжол Сағынбай «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының «Ерлігі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды. Ол адамдарды құтқару және төтенше жағдайларды жою кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін марапатталды.
Ақжол Сағынбай - Павлодар қаласындағы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері. Ол 2001 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында дүниеге келген. Жас болғанына қарамастан, қызметтік тәжірибесі мол, қажетті кәсіби дағдыларды меңгерген маман.
Қызметімен қатар, Ақжол спортта да айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Ол 12 жыл бойы джиу-джитсумен кәсіби түрде айналысып, 2018 жылы Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ спорт шеберіне кандидат атағы бар, грэпплингтен Қазақстан кубогының чемпионы және ел чемпионаттарының жүлдегері.
Оның ерлігіне биыл жазда бес қабатты тұрғын үйде болған өртті мысал етуге болады. Өрт шыққан пәтердің түтінге толы балконында 55 жастағы ер адам көмекке мұқтаж болған. Ақжол оған алғашқылардың бірі болып жетіп, жылу ағынынан қорғау үшін ер адамды денесімен қалқалаған. Құтқарушылар оны автосатының көмегімен қауіпсіз жерге шығарғанға дейін Ақжол жанынан табылды.
Жас өрт сөндірушінің бұл әрекеті кәсібиліктің, батылдықтың және өз өміріне қауіп төнсе де, өзгелерді құтқаруға дайын болудың жарқын үлгісі болды.