«Таңдайға түскен тілегім, маңдайда тұрса жазылып»!

«Таңдайға түскен тілегім, маңдайда тұрса жазылып»!

«Таңдайға түскен тілегім, маңдайда тұрса жазылып»!

 

 Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін істі таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі - жар таңдағанда, екіншісі - мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек.  Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген сүйіспеншілік керек. Мамандыққа деген махаббат пен мансапқор болу (мансап қуу) екеуі біздіңше екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады.  Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған  кейіпкеріміздің «Таңдайға түскен тілегі, маңдайында жазылып тұрғандай».

1996 Ішкі істер  министрлігінің құрамында Мемлекеттік өрт сөндіру Қызметі болды. Сол кезде кейіпкеріміз  милиция қызметіне  инспектор болып  келген. Сонау 1996 жылдың көктемінде оның ойында ТЖ қызметкері болам деген ой мүлде болмаған, десек те  бала кезінде жиі айтып жүретін сөзі, ойы, Отан қорғап әскери қызметкер болсам деген тілегінің бар болғанын жасырып қалмады. Бала шақтың арманы болашаққа бағдар бергендей көрінеді...

Міне, сол кезден бері кейіпкеріміз  ТЖ саласында 24 жылға жуық жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке, аяулы жар.

Кейіпкеріміздің туып өскен жері Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Тайпақ ауданы.   Қазіргі таңда ол білікті де білгір маман, жұмысына адал әріптес, талапшыл әрі тиянақты бөлім басшысы.

Бүгінгі күні «ҚР ІІМ ТЖК БҚО  ТЖД ӨС және  АҚЖҚ (Орал қ.)» ММ № 6 ӨСБ бастығы азаматтық қорғау полковнигі Нұрым Қайыржанұлы Жабаловпен біраз әңгімелесіп сұхбаттасқан болатынбыз.

  • Нұрым Қайыржанұлы бүгінгі күні сіз азаматтық қорғау полковнигісіз, еңбек жолыңызда осындай беделге, шенге қалай қол жеткіздіңіз?
  • Бұл дәрежеге адал еңбек пен маңдай тердің арқасында жеттім деп ойлаймын. Менің бұл қызметке келгеннен кейінгі ең алғаш алдыма қойған мақсатым алдымдағы басшылардың, аға буынның және де замандас әріптестерімнің талабына сай болып, жұмысымда жақсы көрсеткіштер көрсету еді. Қазір де осы талаптарға сай жұмыс атқарудамын, алда да бұл мақсаттан таймай кейінгі буынға түзу жол көрсетіп, алдыңғы буынның көңілінен шығу. Егер адам өз жұмысын қызығушылықпен жасайтын болса, көптеген жетістікке қол жеткізуге болады.
  • Бұл салаға келгеніңізгі өкінбейсіз бе?
  • Өкініш жоқ. 24 жылға жуық жасаған жұмысымда ешқашан шаршаған уақытым болған емес. Көптеген оқиғалардың куәсі болдым. Көптеген ірі, кіші өрттер сөндіріліді. Өрттен құтқарылғаннан кейін адамдардың алғысына бөленіп,  анасының құшағына жеткен сәбилердің күлкісін көру бір бақыт десем артық емес шығар...
  • Өрт сөндіруге бара жатқанда қорқыныш сезімі бола ма? Өйткені тілсіз жау құрбанын таңдамайды ғой....
  • Олай ойлайтын болсақ, қысқа айтқанда өртке кірмеу керек деп ойлаймын. Мен қорқатын болсам бұл мамандыққа келмес едім. Қорқудан гөрі, қобалжу болатыны рас, себебі бұл мамандық біздің қорыққанымызды күтпейді, қателігімізді кешірмейді... Керісінше, өз-өзімді шыңдауды, тез дұрыс шешім қабылдауды және де жинақылыққа, тәртіпке үйреттті.
  • Сізге өмірлік қандай тәжірибе берді бұл қызмет саласы?
  • Жинаған тәжірибем мол. Бірақ ең үлкен тәжірбием ол - адамдарды бағалау, әр сәтімді бағалауды, соның ішінде ең басты құндылығым, байлығым - отбасымды бағалауды үйрендім. Ең үлкен өмірлік тәжірбием немесе үйренгенім - ол осы. Себебі мен әр өртке кіріп бара жатқанда емес, өртті өшіріп, өз-өзіме келіп ойымды саралаған кезде ең бірінші ойлайтыным отбасым...
  • Бұл мамандық қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық десек те болады, еңбек жолыңыздағы қызықты кездеріңізді айта кетсеңіз?
  • Иә, қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық бұл. Еңбек жолымды ауылдан бастап, қалаға келдім. Ауылда басшы болып жұмыс жасап жүрген кезімде дала өрттері көп болатын. Сондай бір үлкен дала өрті болған кез, көбіне дала өрттерін жаздың аптап ыстық күндерінде түнде сөндіреміз. Күндіз оқшаулап келемізде түн болғанда таңға дейін жұмыс жасап өртті толығымен жоюға тырысамыз. Сол түннің қақ ортасы өртті сөндіріп болып, азық-түлігіміз таусылып, автоцистернамызда су бітіп тұрған кез, жақын маңдағы ауылдың ішіне кіріп түнде құдықтан қауғамен 7 тонналық автоцистернаны жігіттер қолмен толтырған кез болды, сол кезде күні бойы нәр татпаған жігіттер маған «Нұрым Кайыржанович қарнымыз ашты» деген соң ауылдың жігіттерінен аз-маз тамақ дайындауын өтінген болатынмын. Жігіттер еттің таусылғанын, құйрық майдың барын ғана айтып абыр-сабыр болып жатты. Сол кезде жігіттер «Құйрық майды қазанға қуырып әкеліңдер, жігіттер қараңғыда байқамай қалады» дедім. Содан жаңағы қуырылған құйрық майды (қуырдақты) жігіттер қарындары ашқанда байқамай жеп алғандары бар (күлді). Міне, осындай есте қаларлық қызықты оқиғаларымыз көп.
  • Артыңыздан ерген ұл-қыздарыңыздың осы саланы жалғастырғанын қалайсыз ба?
  • Әрине, бұл мамандық ер балаға әбден лайық секілді, менің көзқарасымда. Ал қыз балаға кейде ауырлау ма деп те ойланам, дегенмен үлкен қызым осы салада еңбек жолын бастады. Үлкен қызым кішкентайынан менің жұмыстан келген киімдерімнің ортасында отыратын, мен айтамын қызыма «ол таза емес, алыс отыр, алыс ойна, түтіннің иісі сіңіп қалады үстіңе» деп. Бірақ қызым сол менің жұмыс киімімнің арасында жүріп, мен жұмыстан келгенде жуынып үлгерместен, «әке» деп мойныма асылып, осы жұмысымның жай-күйін көріп өсті. Сондықтан шығар бұл саланы таңдама десем де, қазір осы салада әріптес боп жүрміз.
  • Азаматтық қорғау органдарына 25 толу қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса?
  • Әріптестеріме тілейтінім тек осы салаға келгеніне әрқашанда риза болу, өз мамандықтарында шыңдалып, үлкен жетістіктерге жетсін деймін. Ешқашан да бұл салаға келгендеріне өкінбей, алға басып, халықтың алғысына бөленіп жүрсін. Қызмет деңгейін арттырып, үлкен шен алып, биіктерден көріне берсін. Үлкенге де кішіге де әрдайым тілекшімін.

Адам құтқаруды тағдыры әрі кәсібі санайтын бүгінгі кейіпкер Нұрым Қайыржанұлы бұл жұмысын ешқашан басқасына айырбастамақ емес. Өрт сөндірген кездегі құтқарған адамдарымның көз жанарлары әлі көз алдымда дейді...

Қиын-қыстау заманда адам өміріне араша түсер азаматтар аман болып, абыройлары биік болсын деген тілек бізде. Азаматтық қорғаудың арландары асқақтай берсін!!!